Хабар телеарнасы

Досанов Кәрім Жәнділдәұлы (1916-1987 жж.)

Досанов Кәрім Жәнділдәұлы (1916-1987 жж.)

Менің әкем Досанов Кәрім Жәнділдәұлы 1916 жылы Қарағанды облысы, Қарсақпай ауданы, Байқоңыр деп аталған кентте туған.

Байқоңыр сол соғыс кезінде көмір шығарған алып шахталардың бірі еді.

1937-1940 жылдар арасында Совет Армиясы қатарына шақырылып, Қиыр шығыста, 1938 жылы Халхын, Хасан көлдері үшін соғысқа қатысып, 1939 жылы Фин соғысына қатысып, Бессарабияны азат етіп, азаматтық борышын өтеп, бейбіт тіршілігіне оралады.

Әскер қатарында жүріп, бір жылдық командирлер дайындайтын курсты оқып, полктың взвод командирінің көмекшісі болған, бірнеше Мақтау грамоталарымен марапатталған.

1941 жылыекінші дүниежүзілік соғыс басталғанда қайта шақырылып, Алматыда 1941 мамыр айынан 1942 жылдың ақпан айына дейін НКВД-нің аймақаралық мектебінде курсант болып оқып шығып, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) сержант шенін алып шығады.

18 ақпан 1942 жылы НКВД-нің ерекше бөлімінің Уралдағы әскери округына опер-уполномоченный болып тағайындалып, противотанковый батальонында 1943 жылдың 29 ноябріне дейін соғысады.

1 Украина фронтының, 226 атқыштар дивизиясында аға опер-уполномоченный отдела контрразведки (ОКР) «Смерш» қызметін атқара жүріп, бірнеше ерліктері үшін әскери «Қызыл Ту» орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «Ұлы Отан Соғысының ІІ дәрежелі» ордендерімен марапатталады!

Горшечный, Канатов, Глухов, Киев, Коростень, Житомир қалаларын азат етіп, кескілескен ұрыста, қасықтай қаны қалғанша шайқасып, беріспей, соңғы оқтары қалғанша соғыса отыра, бірнеше күн ас-сусыз, демалыссыз, ұйқысыз әлсіреген жауынгерлерді фашистер жансауғалаған бункерлеріне газ жіберіп, тұншықтырып, ес-түзсіз күйде қолға түсіріп, «Дахау» концлагеріне жөнелтеді. Азапты да ауыр күндер басталады. Гестапоның «Сен, Досанов, коммуниссің, сен особый отделдің, контрразведканың офицерісің», – деп азаптайды.

Концлагердің адам өртейтін крематориясына талай апарып, пешке өртелгендерді көрсетіп азаптайды, қинайды, карцерге отырғызады.

Қанша азапты көрсе де, сатылмайды, берілмейді, Отанына адалдығынан жаңылмайды! Бірнеше рет қашып, ұсталып, тағы да азапталады.

1945 жылы сәуірдің 29 күні бұл кісілерді америкалықтар босатып алады.

86 кг болып түскен адам, 36 кг болып шығады. 1947 жылға дейін Мәскеуде тергеуде болып, сонында ақталып шығады. Бұл кісінің көрген азаптары мен қорлығын ешкімнің басына бермесін.

«Қызыл Ту» орденінің де тарихы да сол азапты күндермен байланысты… «Орден пронесенный сквозь плен»деп газеттерге жарияланды.

Әкеміз 30 жасқа жетпей осы Хасан, Халхын, Фин, Бессарабия, Ұлы Отан соғыстарын жеңіп, фашизмнің тұтқынында адам айтқысыз азаптарды көріп, Отанына аман оралды.

Совет, партия қызметтерін адал атқарған шын коммунист болды.Партияның барлық жүктеген қызметтерінде әрдайым басшылық жасады. Бізді анамыз екеуі адалдыққа, тазалыққа, Отанына адалдыққа, еңбек пен бейнетке, қажырлылық пен шыдамдылыққа тәрбиеледі.

Ер есімі-ел есінде, біздің есімізде, ұрпаққа жеткізу бізге аманат!Бұл тарих ұмытылмайды!

Ұрпақтан ұрпаққа жеткіземіз аманатетіп, әрине, «Аманатқа ешкім де қиянат жасамайды» дейміз біз, балалары.

Әкемнің өз қолымен жазған автобиографиясынан бұл тарихты қысқаша ғана баяндадым.

Жеңістің 70 жылдығына орай әкеміз туралы «Шаңырақ»деп атап кітап шығардық.

Таяуда тарихшы, зеріттеуші-ғалым Берік Абдіғалұлының «Ұмытылған Қаhармандар»атты кітабында әкеміз Досанов Кәрім «Кеңес Одағының батыры» атағына ұсынылды деп жазылыпты.

Авторы: Досанова Рахия Кәрімқызы