Хабар телеарнасы

Бектемісов Қалақ (1911-1974 жж.)

Bektemisov Kalak

Бектемісов Қалақ 1911 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ленин (қазіргі Есіл) ауданы, Қарағай ауылында дүниеге келді. Үш сыныптық білім алды.

Соғысқа дейін Петропавл қаласында ет комбинатында жұмыс істеді. 1941 жылдың тамыз айында әскери қызметке шақырылды. 927-атқыштар полкіндегі 3-атқыштар ротасының пулеметшісі болған. Сталинград түбіндегі шайқасқа қатысқан.

1944 жылдың 18-22 маусым аралығында Беларусь майданында ерлік жасады. Жаумен шайқасу кезінде аяғы мен кеудесінен ауыр жарақат алып, госпитальға түседі. Сөйтіп сол жылы кеудесінің жүрек тұсына түскен снарядтың жарықшағы салдарынан әскер қатарынан елге қайтарылады.

1944 жылдың 24 маусымдағы 251-атқыштар дивизиясы ІІІ Беларусь майданының №027 бұйрығымен атам Бектемісов Қалақ неміс шапқыншыларымен күрес майданында әскери тапсырмаларды өнегелі атқарғаны және соғыста көрсеткен ерен ерлігі мен батылдығы үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды. Бірақ марапат ол кезде иесін таппайды. Тек қана 1957 жылы марапат өз батырын елден табады.

Соғыстан кейін де атам Отанға қызмет етуін жалғастырады. Соғыстан кейінгі жылдарда халық шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысты, ауылда жылқы бақты.

Әжем Күлмайдан Әубәкірқызы екеуі 2 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Өкініштісі сол, ұрыс барысында жүректің дәл тұсына тиген снаряд жарықшағымен 1974 жылдың мамырына дейін ғана өмір сүріп, осынау қуанышты күнге жете алмай, балаларының ержеткенін, немерелерін де көрместен дүниеден озды.

Атамыздың өмірі өнегеге толы. Біз ол кісінің ерлігін мақтан тұтып, өзімізге өмірлік үлгі ұстанамыз.

Авторы: немересі Бектемісова Айнаш