Хабар телеарнасы

«Үркер» ұлттық сыйлығына «Қазақ радиолары» қатысады

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мұрындық болуымен былтыр тұңғыш рет «Үркер» ұлттық сыйлығы жарияланған еді. Арнайы конкурс биыл да байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай өткізілмек. Енді еліміздегі 2 597 басылым, 67 радиостанция мен 213 ақпарат порталының журналистеріне байқауға қатысуға мол мүмкіндік бар. Соның ішінде «Қазақ радиолары» да жүлдеден үмітті.

Басқа сайыстар бір бөлек, «Үркердің» жөні бір басқа. Тек баспа, радио және интернет журналистикасының өкілдері қатысады. Тұңғыш рет былтыр өткізілген байқауға биыл «Қазақ радиоларына» қарасты үш радиодан алты бағдарлама ұсынылып отыр. Үміт көп.

Мәди Манатбек, «Республикалық радио» ЖШС бас директоры:

- Былтырғы жүлде алған бағдарламаларды қатыстырмаймыз. Басқа да бағдарламаларымыз бар. Біз енді «Үркердің» ішінде «Үздік радиостанция» деген немесе «Үздік радиокомпания» деген болса деп ойладық. Әр жүргізушінің бағын байламайық деп, үш-үштен алты бағдарлама ұсынып отырмыз. Қай жеңгені алады. Енді оны көре жатармыз.

Былтыр «Қазақ радиолары» екі номинацияны жеңіп алды. Соның бірі – Сәрсенғали Жүзбайдың «Ән домбыра» бағдарламасы «Ең үздік радиобағдарлама» атанған еді. Қалай болды, автордың өзінен білейік.

Сәрсенғали Жүзбай, «Шалқар» ұлттық арнасының редактор-жүргізушісі, күйші:

- Мысалы қазақтың күйі жайлы жасалған бағдарлама бұрын-соңды конкурстарға қатысып, жүлде алғанын өз басым білмеймін. Міне, сондықтан алдағы уақытта да қазақтың әні, күйі, ол жайлы жасалған телебағдарлама немесе радиобағдарлама қандай да бір жүлде алуға оның мүмкіндігі мол деп ойлаймын.

Биыл «Үркер» сыйлығына «Үздік фотосурет», «Үздік репортаж», «Үздік сұхбат» сынды 12 аталым тағайындалып отыр. Қатысушылар 10 маусымға дейін өтініш бере алады. Үздіктер 28 маусымда жарияланып, марапатталатын болады.

Авторлары: Айбар Төлжанұлы, Индира Жылқайдар