Хабар телеарнасы

ҚР Премьер-Министрі менингококк инфекциясына қарсы вакцина бағасын реттеуді тапсырды

Менингококк инфекциясының күдігімен жүгінген барлық науқасқа шұғыл медициналық қызмет көрсетіліп, азаматтарды аумақтық тіркелуіне қарамастан кез келген медициналық мекеме қабылдауы тиіс. Үкімет отырысында Премьер-Министр жауапты ведомствоға осындай тапсырма берді.

Бақытжан Сағынтаев Денсаулық сақтау министрлігі мен өңір әкімдеріне орталықта, сонымен қатар жергілікті жерлерде құрылған штабтардың жұмыстарының толық ашықтығын қамтамасыз етуі керектігін ескертті.

Сондай-ақ тұрғындарға менингококк инфекциясының жағдайына қатысты ақпаратты дер кезінде таратып отыруды тапсырды. Үкімет басшысы вирусқа қарсы вакцина бағасын жедел реттеу қажеттігін де айтты. Салаға жауапты министр Елжан Біртанов қазір бұл мақсатта фармакологиялық компаниялармен келісссөздер басталғанын жеткізді.

Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Кепілдік көлеміне кірмейтін дәрілердің бағаларын реттеу үшін Елбасының тапсырмасы бойынша қазіргі күнде Парламентте заң қарастырылуда. Біз кешеден бастап бүкіл фармация, комитет, бүкіл өңірлермен жұмыс жүргізе бастадық. Осы дәрі-дәрмектің бағасын көтермеу үшін. Менің ойымша, арзандату мүмкіндігі бар. Сол мәселе бойынша Премьер-Министр бізге, жергілікті әкімдіктерге тапсырма берді. Жұмыс істейміз.