Хабар телеарнасы

«Junior Eurovision 2018»: 10 жастағы Бинұр Саудабай Филипп Киркоровпен бірге ән айтуды армандайды

«Junior Eurovision 2018» байқауына Қазақстанның атынан кім өнер көрсетеді? Ол есімді «Хабар» арнасы 22 қыркүйек күні жариялайды. Үміткерлер байрақты бәсекеге қызу дайындалып жатыр. 10 жастағы Бинұр Саудабай – жобаға қатысушылардың бірі.

Әр жемісті жетістіктің артында қажырлы еңбек жатады. Бинұр Саудабай бұл қағиданы жастайынан бойына сіңіріп өскен. Анасы оны бес жасынан музыкаға баулиды.

Бинұр Саудабай, «Junior Eurovision 2018» жобасына қатысуға үміткер:

- Маған Полина Гагарина деген әнші ұнайды. Біздің дауысымыз ұқсас. Атап айтқанда, жоғары әрі ұзын ноталарымыз сәйкес келеді. Сондай-ақ мен Филипп Киркоровпен бірге ән салуды армандаймын.

Бинұрдың вокалдық продюсері бар тәлім-тәрбиесін бергені көрініп тұр. Себебі сахнада жас таланттың өзін-өзі ұстауы, сезімдегі сенімсіздікті сейілткенін көрсетеді. Бұл – жеңіске деген бір қадам.

Полина Думитреску, продюсер:

- Бинұр – ең жас қатысушы. Ол небәрі 10 жаста. Бірақ кішкентай болғанымен, алдына мақсат қоя біледі. Ол өз-өзімен жұмыс істей алады. Сондай-ақ қойылым алдында қобалжымайды.

Бинұр ән айтумен қатар биді де жақсы көреді. Тіпті бірнеше жүлделі жетістікке қол жеткізген. Одан тыс, сурет салып, үй жұмысына көмектескенді ұнатады. Сабақ үлгерімі де жақсы. Бірыңғай бестік бағалар.

Айта кетейік, «Халық Аренадағы» гала-концертті 22 қыркүйекте «Хабар» арнасы көрсетеді. Қалаған үміткеріңізге дауыс беріп, өз жеңімпазыңызды таңдай аласыз.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков