Хабар телеарнасы

«Junior Eurovision 2018»: Атыраулық Санат Асуат – қабілетті бүлдіршін

«Junior Eurovision 2018» халықаралық балалар байқауында еліміздің атынан қатысуға үміткердің бірі – атыраулық Санат Асуат. Жас талапкер өзінің шығармашылық жолындағы ең жауапты сынға дайындық үстінде. 5 жасынан ән салуды жанына серік еткен қабілетті бүлдіршіннің өзге де қырлары бар екен.

Алқалы топ алдында ән салу үлкен еңбекті, зор жауапкершілікті талап етеді. Балабақшадан бері әнді жанына серік еткен 13 жасар Санат үшін бұл – қалыпты жағдай. Кәсіби мамандардың мектебінен өткен, үйінде анасының сүйемелдеуімен сахна сырына қанығып келе жатқан жас өнерпаз күн санап шеберлігін шыңдауда. Бүгінгі басты мақсат – таяуда өтетін ұлттық іріктеу сынына дайындық. Ән салуды бала жастан серік еткен перзентінен ата-анасы үлкен үміт күтеді.

Мұрат Ғабдісәлімов, Санаттың әкесі:

- Ол өлең айтуды сөйлеуден бұрын бастады. Екі жасында караокеден 100 ұпай алатын. Сөйлей де алмай, әндердің сөзін де білмей. Ал ең бірінші рет көпшілік алдына бес жасында шықты. Ол кезде хормен ән шырқаған болатын.

Санаттың репертуарында әлем халықтарының көптеген шығармасы мен қоса дүние жүзіне танымал эстрада жұлдыздарының әндері бар. Бұл Санаттың республикалық, халықаралық байқауларда жүлдеге жетуіне зор ықпалын тигізіп келеді. Жас өнерпаз вокал мен бірге ұлттық жетіген аспабынан да сабақ алады. Қазір Санат «Junior Eurovision 2018» балалар байқауының Алматы қаласында өтетін ұлттық іріктеу гала-концертке дайындық үстінде.

Санат Асуат, байқауға қатысушы:

- Әрине, мен байқауға жеңемін деп бара жатырмын. Бірақ ол бастысы емес, тәжірибе алуға бара жатырмын. Әлемдік деңгейдегі сахнада абыроймен өнерімді көрсетуге тырысамын.

Санат Асуат– жан-жақты дамып келе жатқан қабілетті бүлдіршін. Ол әкесіне ілесіп садақ тартып, нысана көздеуді де, бала жастан серігі сурет салуды да тастамастан өлеңмен бірге өркендетіп келеді. Сөз соңында, жас таланттардың үмітін үкілеген бұл сайысты көрермендер «Хабар» Агенттігінің тікелей эфирінен тамашалай алатынын естеріңізге сала кетейік.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин