Хабар телеарнасы

Данэлия Тулешова: Ес білгелі ән саламын

Минск сахнасында өнер көрсету бақыты Қазақстан бойынша 22 қыркүйекте Алматыда өтетін байқауда үздік шыққан бір әншіге ғана бұйырады. Бұған дейін таңдап алынған 10 баланың ішінде Алматыда тұратын Данэлия Тулешова да бар.

12 жастағы Данэлия: «Ес білгелі ән саламын», – деп әзілдейді. Жасөспірім 10 жасына дейін өз бетінше өнерге талпынып, шағын конкурстарға қатысып жүріпті.

Данэлия Тулешова, байқауға қатысушы:

- Кішкентай күнімде үйдегілерге шағын концерт қойып, қошемет көрсеткендеріне мәз болатынмын. Алғаш вокалға барғаным  есімде. Мен вокалға барып, дауысыммен жұмыс істеу керек деп ойлаған да жоқпын. Бірінші сабаққа бардым да, әрі қарай қатысып кеттім. Бәрі солай ретімен болу керек сияқты.

Бала күнінде өте зерек, ақылды болды. «Кез келген дыбысты дәлме дәл қайталап беретін дарыны бар», – дейді ұстаздары. Анасы қызының өнерге бейім екенін байқап, өсе  келе әнге құмарта бастағанын айтады.

Елена Тулешова, анасы:

- Данелочка өте мейірімді. Басқа балалармен ойнап, достық қарым-қатнас орнатқанды ұнатады. Шағын конкурстарға қатысу арқылы қызым ашыла түсті. Ортада өзін еркін ұстайтын болды. Біздің вокалдан сабақ беретін педагогымыз Наталия сол дарынын әрі қарай дамытуға көп көмектесті.

Наталия Чуракова, продюсер:

- «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген бар ғой. Бұл – өте кірпияз, тынымсыз еңбекті қажет ететін жұмыс. Жалпы баламен жұмыс істеу оңай емес. Әрине, кейбір қиындықтар болды. Бірақ уақыт өте келе оны жойдық. Ұстаз әр баланың жүрегіне жол таба білу керек. Жақсы жағын көре білу керек. Сонда тамаша әншіні тәрбиелеп шығуға болады.

25 қарашада Минскіде өтетін «Junior Eurovision» байқауына үздіктің үздігі ғана қатысатын болады. Әзірге республикамыздың түпкір-түпкірінен таңдап алынған жас әншілер 22 қыркүйекте өтетін шешуші сайысқа дайындалып жатыр. Іркітеуден өткен 10 бала гала-концертте өнер көрсетіп, көрермен sms немесе қоңырау шалу арқылы үздікті таңдайды. Дауыс беруге сондай-ақ қазылар мүшесі де қатысады. Ал жеңімпаз әділқазылар мүшелері мен көрермендердің берген жиынтық дауыстары бойынша анықталады.

Авторлары: Индира Оразалинова, Радик Жакупов