Сюжеттер

«Бабалар ізімен»: Түркияның Трабзон қаласында қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы тұрады

«Бабалар ізімен»: Түркияның Трабзон қаласында қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы тұрады

Түркияның Трабзон қаласында қыпшақтан шыққан даңқты қолбасшы Кумбасардың тікелей ұрпақтары тұрады.

Олар Грузия жерінен қоныс аударған. Қаншама ғасыр өтсе де, ата кәсібін ұмытпапты. Темір балқытып, ұсталықпен айналысады. «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы солардың бірқатарымен кездесіп, тұрмыс-тіршілігімен танысты.

Қара теңіз жағасындағы Трабзон қаласы – бағзы заманнан қыпшақ түріктерінің құтты мекені. ХІІ-ХІІІ ғасырда Грузия арқылы осы аймаққа өткен бабаларымыздың ұрпағы провинцияның Сюрмене қаласында шоғырланған. Солардың бірі – Кумбасарлар әулеті. Шамамен 60 шақты отбасы болған. Табиғаты тамылжыған тау бөктеріне қоныстанған. Негізгі кәсібі – ұсталық. Темір балқытып, балта, пышақ жасайды. Оларға Кумбасар есімін таңба ретінде басып, брендке айналдырған. Тарихқа үңілсек, Кумбасар – қыпшақтан шыққан даңқты жауынгер. Ол Георги үшіншінің тұсында Грузия әскерінің қолбасшысы болды. Одан кейін Тамара патшайымның билікке келуіне ықпал етіп, таққа тұрақтауына жағдай жасады. Баба есімін бүгінгі ұрпағы мақтан тұтады. Есімін тегі ретінде қолданады.

Насрин Кумбасар, Сюрмене қаласының тұрғыны:

- Аталарымыз Грузиядан Ризаға, кейін Трабзон маңайына қоныс аударған. Негізінен сол кезде көшкен қыпшақ халқы Эрзурум, Гюмишхане, Эрзинджан және Самсун маңайына тұрақтағаны туралы білеміз. Бұл жердегі Кумбасар ұрпағының барлығында ұстахана бар. Түркиядағы пышақтардың 70% біздің бабаларымыздың аты жазылған деп сеніммен айта аламын. Кумбасар тегін алған бауырларымыз мемлекеттік істе беделді қызметтер атқарды. Жергілікті жұрт біздің ауылды ешкімге бас имеген батыр ауыл ретінде біледі.

Трабзон маңында қыпшақтар қоныстанған жалғыз ауыл бұл емес. Оларды шаһардың кез келген бөлігінен кездестіруге болады. Мәселен, Салехаддин Ахыскалыұлы қала орталығында тұрады. Шағын бизнесі бар. Ата-бабасы Трабзонға 1877 жылы бүгінде Грузиядағы Ахыска қаласының маңнынан көшіп келген. Сондықтан атажұртының атауын тегі ретінде қолданады.

Салехаддин Ахыскалыұлы, Трабзон қаласының тұрғыны:

- Атам Трабзонға Ахыскадан көшіп келген. Атажұртын ұмытпас үшін әкем Ахыскалыұлы деген текті қабылдады. Сосын мен аталарымның Ахыскаға қайдан келгенін білу мақсатында зерттеу жүргіздім. Дешті Қыпшақ даласынан келгенін білдім, яғни біздің түбіміз қыпшақ түріктерінен екен.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының жетекшісі:

- Түркияның шығысы біздің бабаларымыздың көп жылғы мекендеген жері болып есептеледі. 1267 жылдан 1587 жылға дейін бұл арада жеке мемлекет ретінде тұрды. Бұлар Атабек Қыпшақ түрік мемлекеті болды. 1250 жылдан бастап Египетте құрылған мамлюк сұлтанаты бұлармен қарым-қатынас жасай бастады.

Тамыры терең тарихымызды жинап жүрген «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясы Трабзон қаласындағы қыпшақ түріктерінің ұрпағымен кездесіп, сапарын одан әрі жалғастырды. Бағыт – Ыстамбұл шаһары.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Самат Бекбатыров