Сюжеттер

Ботаникалық бақтағы жасыл желек қурап барады

Ботаникалық бақтағы жасыл желек қурап барады

Былтыр ғана Елорда күніне орай халық игілігіне берілген ботаникалық саябақтың құты қашты.

Жайқалған жасыл бақтың гүлдері солып, шыршалары қурап жатыр. Тіпті арам шөптері адам бойына жетуге аз қалған. Тұрғындар осындай уәж айтып арнамызға хабарласты. Ал осы бақты күтіп баптауға міндеттелген акционерлік қоғам өкілдері халықтың пікірімен келіспейтінін айтады.

Бұл бақ – бақыт мекеніндей. Көркіне көз тоймайды. Таңғажайып сұлулығы талайларды тамсандырады. Бір жыл бұрын осылай айтып едік. Десе де, еске алып көрелік.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- 94,998. 94,999. 95 мың. Жапырақ санап жүр деп ойламаңыз. Бұл ағаш саны. Араға бір жыл салып, дәл осы орынға бардық. Айтылғанның барлығы былтырғы есеп бойынша отырғызылған көшеттер. Алайда олардың саны жыл өткен сайын артып емес, кеміп бара жатыр. Мәселен, ботаникалық саябаққа кіре берісте отырғызылған мына бір шыршалар қуарып кеткен. Жақын арада күтім көрмесе мына шыршаларда қуарып кетуі мүмкін.

Ары қарай аяңдадық. Қарағайлардың қараусыз қалғанын бірден байқауға болады. Іші шөптен тазартылмаған. Ал жайқалып, жайнап тұруы тиіс гүлзарлар туралы сөз қозғамаса да болады.

Жаниса Даулетярова, қала тұрғыны:

- Гүлдердің бәрі өліп қалған. Алдында шөп өсіп тұрды. Олардың бәрін өткенде жұлды. Астында раушандар қалды. Оған су құйса, уақытында қараса, күтім жасаса өседі. Ауа райының қатысы жоқ.

Тұрғындар анда-санда келіп гүлзарларды шөптен тазартып тұрады. Қадағалаушы тараптан қайыр болмады ма? Әйтеуір табиғат жанашырлары осындай қадамға бел буыпты. Біз де атсалыстық.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Міне, табиғат жанашыры Жаниса апайымыз екеуміз гүл егілген алқаптың бір бөлігін ғана арам шөптен тазартуға кіріспекпіз, білек сыбана. Ендеше кеттік. Шыны керек мына жерге су құйылмағандықтан да шөпті жұлу қиындап тұр. Міне 2-3-ақ минуттың ішінде қолымызда біршама арам шөптер жиналып қалды. Тек біз ғана емес, мына тарапта қарапайым серуендеп жүрген халық келіп шөп жұлып жатқандығын байқап қалдық.

Бақтың аумағы қаншалықты үлкен болса, онда отырғызылған көшеттер де жетерлік. Санап санына жетпейсің. Бір қынжылтатыны, енді олардың қатары сиреп барады.

Бірлік Берікұлы, тілші:

- Осы саябақты гүлдендіру үшін шартараптан неше түрлі көшеттерді әкеліп отырғызған еді. Солардың бірі мына бір қарағай екен. Жасыл желегі жайқалған бақтың символына айналған қарағайдың қасынан өткен әрбір қала тұрғыны суретке түспей кетпейтін еді. Ал қазір суретке түсу үшін емес, отынға ғана жарамды сияқты.

Айтқанымызбен бақты бақылайтын мамандар келіспейтін сыңайлы. Бұл қарағай қурамаған, тек биологиялық бейімдеуден өтіп жатыр деп сендірді. Мәңгі жасыл өсімдіктің мұндай қасиетін бірінші рет естіп отырмыз.

Үрқия Алпанова, «Астана-Зеленстрой» АҚ бас аграномы:

- Бұл ағаштар бейімдеуден өтіп жатыр. Сәйкесінше биыл ауа райы қолайсыздық тудырды. Қысы суық, жазы ыстық болып жатыр. Сондықтан ол өсімдіктер қиын кезеңді өткеріп жатыр. Ал солып қалған гүлдерге келетін болсақ, біз күні кеше өз ғалымдарымызбен бірге бақты аралап көрдік. Ондай олқылықтарды байқамадық.

Маманның жауабы осындай болды. «Солған гүлдерді көрмедік, ал шыршаның қуаруына ауа райы себеп», – деп отыр. Ал біздің қолдан келетіні – аяқ алып жүргізбей, қаулап кеткен арам шөпті жұлуға жұрт болып жұмылу.

Авторлары: Бірлік Берікұлы, Айбын Құсанбеков