Хабар телеарнасы

Мектептегі бастауыш сыныптар енді 5 жылдық болмақ

Министр Асхат Аймағамбетов елдегі білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асуы туралы баяндады. Алқалы жиында 12 жылдық білім беруге қатысты сын айтылды. Оқулықтар мәселесі мен интернетке қолжетімділік сөз болды. 3 ауысымды мектептер мен апатты мектептердің мәселесі шешілмей жатыр. Елде 36 апатты мектеп болса, үш ауысымда оқитын 125 мектеп бар. Елордада, Алматы мен Шымкентте оқушылар иін тіресе отырып оқуға мәжбүр. «12 жылдық білім беруге көшкенге дейін мәселе шешіледі», – деді министр.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Жекеменшік серіктестік арқылы осы мәселені шешу керек. Бұл мәселе бойынша біз адам басына қаржыландыру дайындадық. Сол бойынша биылғы жылдың өзінде 50 шақты мектеп жекеменшік әріптестіктің арқасында салынып жатыр.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов саладағы кемшіліктерді сынаған көкшетаулық мұғаліммен кездесті. Министр тарих пәнінің мұғалімі Әлия Ахметовамен жақсы диалог орнағанын айтты. Кездесуде біраз мәселе қаралған. Әсіресе жаңартылған оқу бағдарламасы мен ұстаздар қауымының жалақысы төңірегінде қызу әңгіме өрбіген. Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұғалімдердің осылай белсенді болуы – қуантарлық жайт. Өйткені ұстаздар кемшіліктерді ашық айтса, саланы дамытуға болады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Біз ол ұстазбен кездестік және өзі сынаған мәселелер бойынша толыққанды сөйлестік. Жалпы арамызда жақсы диалог орнады. Бұл жұмысты әрі қарай да жалғастырамыз. Бұған дейін бірнеше өзекті мәселе бойынша министрліктің шара қабылдағанын айтқанмын. Мәселен, ҰБТ-да мұғалімдерді металл іздегішпен тексеру, сұрақтардың сапасы және апелляция туралы сын болды. Тамыз конференциясында бұл жүйенің өзгеретінін хабарлағанбыз. Қазір де өзгерісті бастап кеттік. Сондықтан әріптесіміз көтерген мәселелердің біразы шешілген.