Хабар телеарнасы

Елордада лифтілер үшін төленетін жаңа жүйе енгізілді

Тұрғындар өңірлерде қызмет көрсету мерзімі әлдеқашан бітсе де, амалсыздан жиі тоқтап қалатын лифтілерді пайдалануға мәжбүр. Ал елордалықтар болса жеделсатылар үшін бекітілген абоненттік төлем жүйесіне, наразылық білдіріп жатыр. «Тағы сағаттап күтетін лифтілер де бар», – дейді бас шаһар тұрғындары.

Бас шаһар тұрғындарының дені лифтілер үшін төленетін жаңа жүйеге наразы. Жуырда кей үйлерде картамен жүру алынып тастап, есесіне абоненттік төлем енгізіліпті.

Елордада бұл жүйеге 15 үй көшкен. Әзірге бұл – пилоттық жоба. Сондықтан басқарушы компания өкілдері: «Тұрғындармен қордаланған мәселелерді талқылауға дайынбыз», – дейді.

Айнұр Әшімова, басқарушы компанияның сыртқы байланыстар бөлімінің басшысы:

- Біз көптеген тұрғынның өтінішімен карталық төлем жүйесін алып тастадық. Бұрын сізге біреу қонаққа келгенде оны көтеру үшін бірінші қабатқа түсу керек болатын. Бұл әрине, ыңғайсыз. Ал жедел жәрдем қызметі келгенде мүлдем қиындық туғызады. Сондықтан біз абоненттік төлемді енгіздік. Қазір әлі төленетін нақты сома бекітілген жоқ. Пәтерде қанша адам тұратындығын анықтау қиын. Әлі біраз талқылаулар жүргізіледі.

Соңғы кезде көпқабатты тұрғын үйлердегі бас ауыртар басты проблемаға айналаған жеделсатылар мәселесі бұнымен таусылар емес.

Мәселен, «Эгалите» тұрғын үй кешенінің тұрғындары лифтіні осылай сағаттап күтуге мәжбүр. 25 қабатқа адамдарды жалғыз жедел саты апарады. Өзгелері бұрын істен шыққан.

Ал Павлодарда пәтер иелері апатты жағдайда тұрған лифтілерді өз күштерімен алмастырыпты. Тұрғындарға сегіз жылға процентсіз қаржы бөлінген. Енді әр пәтер иесі баспанасының аумағына қарай ай сайын тиісті төлем жүргізіп тұрады.

Вера Франк, қала тұрғыны:

- Мен қуана келістім, себебі 14-қабатта тұрамын. Енді жаңа лифт орнатылды. Сегіз жыл бойы ай сайын 2600 теңгеден төлеп отырамын. Бұл шарт көңілімнен шықты. Ең бастысы, қауіпсіздігіміз қамтылса болғаны.

Жобаны жүзеге асыруға жергілікті лифт шаруашылығы ұйымы да атсалысты.

Михаил Редько, лифт шаруашылығы ұйымының басшысы:

- Тұрғындардың ұсынысымен бір лифтіні алмастырдық. Кейін екінші көтергіш орнатамыз. Жобаның құны 20 млн. теңге. Тұрғындар келісімшарттар негізінде төлем жүргізеді. Алдағы уақытта «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша тағы 12 лифті алмастырылады.

Жеделсатылар мәселесі Қарағандыда мәз болмай тұр. Қаланың қақ ортасындағы мына 9 қабатты тұрғын үйде 4 подъезд бар. Ал лифті тек біреуінде ғана істейді. Жеделсатыларды жөндеу тұрғындардың қалтасын қағады екен.

Татьяна Половцева, қала тұрғыны:

- Естуімше арнайы бағдарлама бар. Бірақ бізде барлығы ақша төлеуге дайын емес. Есептеу үшін белгілі бір сома төлеу керек. Кейін лифтіні жөндеу үшін тағы ақша беру қажет. Бізде көбі – зейнеткерлер. Сондықтан көп қаржы шашқылары келмейді.

Қарсы тұрған үйде лифт жоқ емес, бар. Бірақ подъезд тұрғындары ескі әрі жиі істен шығатын жеделсаты үшін айына 14 300 теңге төлеулері тиіс. Бұл шамамен әр пәтер иесінен 500 теңгені талап етеді.

Елена Бунина, қала тұрғыны:

- Лифтіні жөндеу бұл сомаға мүлдем кірмейді. Тек қана қызмет көрсету құны бар. Жедел саты сынып қалса, оған бөлек ақша жинаймыз. Жуырда моторын ауыстыруға 30 мың теңгеден астам қаржы жұмсадық. Сонда қызмет көрсетуге не кіретінін өзіміз де білмейміз. Әйтеуір ақша жинаңдар деген соң жинап береміз.

Жалпы облыстағы көпқабатты үйлерде 1341 лифт бар болса, оның 361-і істемейді. Ал көбінің қызмет көрсету мерзімі 25 жылдан асқан.

Авторлары: Риат Шони, Бекболат Базаров