Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтын аралап көрді

Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтына арналып 23 мың шаршы метрлік жаңа корпус салынады. Аталған аурухана ұжымымен кездескен Мемлекет басшысы осы жаңалықты жеткізді. Нысанды салуға 26 млрд-тай теңге қажет. Бірақ Президент тиісті қаржыны бөлуді Үкіметке тапсырып та қойыпты.

Бұл орталықтың отандық медицинадағы орнын бағамдау үшін алдымен атауына мән бермек керек. «Ғылыми зерттеу институты» деп айдар тағудың ар жағында мына нәрсе жатыр, клиника мамандары буын омыртқа дертін емдеуге қажетті протездерді, түрлі тірек аппараттарды өздері ойлап табады, оны операцияларға кеңінен қолданып жүр және көрген-түйгендерін өзге өңірдің дәрігерлерімен бөліседі. Бірегей кешенді Мемлекет басшысы аралап көрді.

Әлия Әбдірахманова, Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институтының ғылыми хатшысы:

- Біз жеті бағыт бойынша ғылыми зерттеу жүргіземіз. Буын ауруларын емдеуде жасанды емес, адамның өз жасушаларын пайдалананып жүрміз және халықаралық әдіс-тәсілдерді республика бойынша біздің орталық бірінші болып тәжірибеге енгізеді.

Мұнда күніне кемі 50, ал жылына 8 мыңдай операция жасалады. Балдаққа сүйеніп келген талай науқас осы жерде аяғынан тік тұрып кетті.

Жібек Мұсабекова, қала тұрғыны:

- Мен ауруханаға әзер келдім. Операция жасалды. Қазір реабилитацияға келіп жатырмын. Ертерек келмегеніме өкінемін.

Шынар Асанқызы,тілші:

- Бірақ аурухана ғимаратының қазіргі жағдайы сын көтермейді. Өйткені нысан шамамен 50 жылдай бұрын салынған. Әсіресе науқастар жататын палата талапқа сай келмейді. Мәселен, 4 адамға лайықталған бөлмеде 5 адам жатыр. Міне, мына палатадағы жағдай да осындай.

Олжас Бекарысов, Травматология және ортопедия ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары:

- Жалғыз институт болған соң, аймақтардан адам көп түседі. Өте тығыз. Жаңа құрылғылар қояйын десек, бос орын жоқ.

Бұл жағдайды Президент өзі келіп көрді. Соңынан тұтас ұжымға қуаныш сыйлар жаңалықпен бөлісті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Үлкен бір шешім қабылдадық. 2021 жылы мына жерде жаңа бір ғимарат болады. 26 млрд ақша бөлеміз. Мен тиісті тапсырманы Үкіметке беремін.

Жаңа ғимаратта 6 операция залы, 300 орындық оңалту орталығы, оқу бөлімдері және медициналық бұйымдар шығаратын шағын зауыт болады. Ал ол кезде бұл ауруханадан аяғынан тік тұрып, аттай шауып кететін адамдардың қатары тағы 45% артады деген үміт бар.