Хабар телеарнасы

Жұмысшы жастарға пәтер беру ісі жалғасын табады

Тағы бизнесін бастауға ұмтылған жастарға да барынша көмек көрсетілетін болады. Жастар жылының жабылу салтанатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені де атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекеттік органдар бірнеше маңызды бағыт бойынша жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, тұрғын үй, жұмыспен қамту, сапалы әрі қолжетімді білім беру ісін қолға алдық. Еліміздің ірі қалаларында жұмысшы жастарға 9 мың пәтер беру туралы шешім қабылданды. Оны жалға алу құны айына 15 мың теңге ғана болады. Биыл 5 мың азамат мемлекеттен грант алып, жас кәсіпкер атанды. Алдағы 3 жыл ішінде олардың саны 30 мыңға дейін көбейеді. Осыған орай республикалық бюджеттен қосымша 5 млрд теңгеге жуық қаржы бөлеміз. Бұдан бөлек 10 мың жас бизнесмен шағын несиенің арқасында өз өндірісін кеңейтті. Соның басым көпшілігі аудан және ауыл тұрғындарына арналды. Бұл бастамалар «Дипломмен ауылға» бағдарламасына жаңа серпін берді.