Хабар телеарнасы

«Topjarǵan» музыкалық шоуының ақтық кезеңінің түсірілімі аяқталды

Биылғы маусымда үлкен өзгеріс те бар екен.

Күміс көмей әншілердің тартысы әр эфир сайын шым-шытырыққа толы. Қатысушылар бір-бірінен озған. Әділ қазылар мен көрермендерге мықтылардың тобын жарып шығатын жұлдызды анықтау қиынға соғуда.

Роза Рымбаева, әділ қазылар алқасының мүшесі:

- Барлығы – бірінен бірі асқан әншілер. Әрқайсысының өзінің ерекше дауысы, ерекше мәнері бар. Бұл жолғы жұмысымыз ауырлау, қиындау болады. Оның ішінде тағы көрерменнің бағасы бар. Бізден өткен әнші көрерменнен кейде өтпей жатады.

«Topjarǵan» музыкалық шоуының ІІ маусымына іріктеу елорда мен Алматы қаласында өткен болатын. Тіпті өзге елдерден келген үміткерлер де бар.

Нұргүл Есенгелді, жобаның редакторы:

- Биылғы «Topjarǵan» шоуының ерекшелігі – халықаралық болып саналуында. Өйткені шетелден келген қатысушыларымыз бар. Грузиядан, Қырғызстаннан, Италиядан және Куба елінен келді. Қатысушылардың саны 70-ке жуық.

Кенжебек Нұрдолдай, жобаға қатысушы:

- Осы жоба маған өзімді жан-жақты мен білмейтін қырларымнан көрсетуге мүмкіндік беріп жатыр. Шыны керек, осы «Topjarǵan» жобасына қатысу арқылы өзімді мүлдем басқа қырымнан таныдым. Осы жартылай финалға жеткізген халқыма рахмет!

Жоба қатысушылары жартылай финалды еңсерді. Алда ақтық кезең. Сол себепті босаңсуға болмайды. Оның үстіне биылғы маусымда үлкен жаңалық енгізіліп отыр.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы:

- Бұл жобадағы тартыс өте қызықты болды. Қатысушылар бар күштерін салды. Финал көрермендер үшін қызық болады. Өйткені жеңімпаз Қазақстанның азаматы болса, алғаш рет Азия-Тынық мұхиттық хабар тарату одағы ұйымдастыратын халықаралық фестиваліне қатысатын болады.

Иә, қызыққа толы тартыста жарқ етіп, топты жарып шыққан жұлдыздың есімін өнерсүйер қауым қаңтардың 4-і күні біле алады. Ол үшін сенбі күні кешкі сағат 20:00-де «Хабар» арнасын қосуды ұмытпаңыздар.

Авторлары: Риат Шони, Әсел Русалиева, Аян Сәрсенбаев