Хабар телеарнасы

Ринат Кертаев: Көрермендерді таң қалдыратын тосынсыйлар көп

Ринат Кертаев: Көрермендерді таң қалдыратын тосынсыйлар көп

– Ринат Думанұлы, жаңа маусымда «Хабар» арнасының телекөрермендерін қандай тосынсыйлар күтіп тұр?    

– Жаңа маусымда телекөрермендерге әзірлеген біршама жарқын жобалар бар. Солардың ішіндегі ерекше атап өтерлігі – «Жанды дауыс» музыкалық шоуы. Бұл жоба қазірдің өзінде көрермендер тарапынан үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бағдарламаның алғашқы саны 11 қыркүйекте эфирге шығады. Қазақстандағы танымал продюсерлер Баян Есентаева мен Ринат Ғайсин жас дарындылар арасынан қыздар мен жігіттерден құралған үздік топтарды анықтайды. Жобаның іріктеу кезеңінде мыңдаған өнерпаз қатысып, бақ сынады. Тек 10 команда ғана келесі турға жолдама алып, олардың әрқайсысына тәлімгерлер бекітілді. Жобаның аты айтып тұрғандай, қатысушылар тек жанды дауыста ән айтады. Осылайша сіз бен біз қазақ эстрадасындағы жаңа есімдердің танылуына куә боламыз.

Бұдан өзге, өткен жылы көпшіліктің көзайымына айналып, жоғары рейтинг жинаған тағы бір музыкалық бағдарлама қазан айынан бастап көрерменге қайта жол тартады. Әрине, жаңа леппен, жаңа тыныспен. Халықтың қошеметіне бөленіп, қазақ мәдениетінің жандануына үлес қосып жүрген өнер адамдарының шығармашылығымен толық әрі жан-жақты танысуға мүмкіндік берген «Бенефис шоу» бағдарламасында көрерменге қызықты сан қилы кейіпкерлер қонақ болады. Хабардың тізгіні әдеттегідей – Қыдырәлі мен Қарақатта.

Сондай-ақ жүйріктер жарысып, алыптар айқасатын «Ду-думан» әзіл-сықақ бағдарламасының үшінші маусымы әзірленіп жатыр. Бағдарламаның екі маусымы тартысты өткен болатын. Есімдері бүкіл елге мәшһүр болған театр тарландары мен енді ғана қалыптасып келе жатқан жас сықақшылар арасындағы сайыстың жалғасын табуы бағдарламаның бағасы мен мәртебесін аңғартса керек. Бұл жолы да сатира сардарлары қатысатын өнер бәсекесі сенбінің әр кешін күлкі думанға айналдырарына сенемін. Қазан айында тағы бір үлкен танымдық жоба эфирге жол ашады. Оның дәл қандай бағдарлама болатыны әзірге құпия бола тұрсын.

– Ал кішкентай телекөрермендерге арналған қандай хабарлар бар?

– Біз әрдайым балалардың танымдық көзқарасын арттыруға үлес қосуды ұмытқан емеспіз. Биылғы маусымда кішкентай көрермендерімізге арналған «Я – чемпион» атты ойын-сауықтық бағдарлама жарық көргелі отыр.

«Нұр Отан» партиясымен бірлесе жасап жатқан хабар балақайларды серпілтіп, олардың спортқа деген қызығушылығын оятары анық.

– Шоу-бағдарламалардан бөлек, сараптамалық немесе деректі хабарлар көре аламыз ба?

– Ел ішінде болып жатқан негізгі проблемаларды көтеріп, қоғамдық-саяси мәселелерге де үн қосып жүрген «Жекпе-жек», «Біздің үй» ток-шоулары, «Орталық Хабар» мен «Арнайы хабар» бағдарламалары журналистік зерттеу жанрына басымдық береді. Яғни, көптің көкейінде жүрген мәселелер нысанаға алынады. Халыққа танымал, белгілі бір позициясы бар, пікір айта алатын сарапшы қонақтарды шақырып, аптаның айтулы оқиғалары тақырыпқа арқау болады. Сондай-ақ, білікті  заңгер Ирак Елекеев ағамыз жүргізетін «Көзқарас» бағдарламасын енді сағат 23.10-да көре аласыздар. Ол нағыз салмақты пікір, оралымды ой айтылатын түнгі интеллектуалды хабар болмақ. 

– Қай бағдарламаны рейтингісі жоғары болады деп күтіп отырсыз? Сондай-ақ қандай бағдарлама прайм-тайм уақытта көрсетіледі?

– «Хабар» арнасы әрқашан өз көрермендеріне тек қызықты және тың жобаларын ұсынып келеді. Жақында көрерменге жол тартатын «Жанды дауыс» музыкалық шоуын әр жұма сайын сағат 21.30-да тамашалап, жүзден жүйрік шыққан өнерпаздарға қолдау білдіріп, жанкүйер бола аласыздар. Жоғарыда айтып өткен «Жекпе-жек», «Біздің үй», «Арнайы хабар», «Орталық хабар», «Бюро расследований», «Бенефис шоу» мен «Қызық times» бағдарламаларының барлығы жаңа форматта, тың ізденіспен прайм-тайм уақытта эфирге шығады. Танымал тұлғалардың өмірі мен өнеріндегі жаңалықтарды бөлісетін «Бұйымтай» бағдарламасы да жаңа маусымда ерекше әзірлікпен эфирге шығады.

Сондай-ақ тұңғыш рет түркітілдес елдер арасында 8 бен 13 жас аралығындағы жас өнерпаздардың қатысуымен халықаралық «Bala Turkvision» балалар ән байқауы өткелі жатыр. Арнамыздан бір жарым ай бойы «Bala Turkvision» күнделіктері беріліп, көрермен аймақтағы іріктеу сындарының қалай өткеніне қанықты. Енді Астана қаласында 19-20 қыркүйек күндері жартылай финал мен ақтық кезеңнің тікелей көрсетілімін «Хабар» арнасы назарларыңызға ұсынбақ. Күзде өтетін бұл байқауды да өнерсүйер қауым тек біздің арнадан тамашалай алады. Осы орайда басты арнаның әлеуметтік жауапкершілікті сезініп, рухани интеграцияны байытатын жобаларға әрдайым ақпараттық қолдау көрсетіп отыратынын айта кету керек. 

Көрерменге ой салатын, мән-мағынасы жоғары телехикаяларды ұмыт қалдырмадық. Жаңа маусымда сегіз сериал жарық көретін болса, соның тек екеуі ғана қос тілде. Ал қалған телехикаялар таза қазақ тілінде болмақ. Барлығы асыға күтіп жүрген «Махаббатым жүрегімде» сериалының жалғасы мүлдем күтпеген тосын оқиғаларға толы болмақ. Ол заңды да. Өйткені телехикаяның режиссері ауысты. Ернар Нұрғалиевтің креативті идеялары сериал барысында бірден аңғарылады. «Кеңесшілер», «Көршілер», ауылдың шынайы тіршілігін, оның дамуын көрсететін «Бәсеке» комедиялары, «Хабар» арнасы мен ресейлік мамандар бірлесіп түсірген «Бақытыма сенемін» немесе «Ничего личного» сынды сапалы телехикаяларды да тамашалай аласыздар.

Ұлы Абайдың қара сөздеріне арналып жасалған сериал «Хабар» арнасының жаңа маусымындағы айрықша сыйы деп білемін. 12 бөлімнен тұратын деректі сериал елімізде тұңғыш рет біздің арнадан берілгелі отыр. Сонымен қатар «Құстар әні», «Өшпес бейне» сынды белгілі қоғам қайраткерлерінің ғұмырнамасынан сыр шертетін фильмдер жарық көреді. Бұл – біздің жаңа маусымға деп әзірлеген тың дүниелеріміздің бір парасы ғана. Көрермендерді таң қалдыратын тосынсыйлар көп. Тек «Хабар» арнасы қосулы болса, болғаны.

–Әңгімеңізге рахмет!