Хабар телеарнасы

«Биле, Қазақстан!» – отандық телеарналардағы алғашқы би сайысы

  Аты айтып тұрғандай мұнда кәсіби және әуесқой бишілердің басы бір арнада тоғысып, үздіктердің үздігі анықталады. Жарысқа биге икемі бар, өнердің осы түрін жетік меңгердім деген кез келген адам қатыса алады. Бүгінгі таңда тележобаның іріктеу кезеңі Қазақстанның үш қаласында өтті. Олар Алматы, Астана және көрермендердің таңдауы бойынша Шымкент. Ал, еліміздің өзге аймақтарының тұрғындары өз өнерлерін бейнекамераға жазып, онлайн түрде жіберген. Бағдарлама барысында барлық қатысушылардың арасынан 20 биші таңдалып, олар төрт апта бойы «Хабар» арнасының тікелей эфирінде сайысқа түседі. «Іріктеу әр қалада екі күннен өтті. Сол күндері өз мүмкіндігін көрсету үшін 2000-ға жуық өнерпаз келді. Олардың арасынан мықтылары таңдалып, келесі кезеңге өтті. Айта кетейік, бұл жоба жастарға керемет мүмкіндік сыйлайды. Олар өз бойындағы өнерін ғана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар еліміздің үздік хореографтарымен де жұмыс істейді. Нәтижесінде, бағдарлама аяқталған соң кәсіби биші ретінде шыңдала түседі деп ойлаймын», - дейді Adam Media компаниясының директоры Динара Адам. 

  Шоу алғаш рет 2005 жылы Америка Құрама Штаттарында «So You Think You Can Dance» деген атаумен көрсетілген. Қазіргі таңда 10-нан астам «Эмми» премиясын жинаған жобаның 13-ші маусымы эфирге дайындалуда. Біздің мемлекетімізден өзге әлемнің 37-ден астам елінде ұйымдастырылған байқау көрермен тарапынан жоғары бағаланған. «Биле, Қазақстанның» мақсаты – еліміздің барлық тұрғындарын би билеп, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Әлеуметтік жоба – би билеу арқылы отандастарымызды бірлікке, достыққа шақырады. Сонымен қатар мұндай жоба Қазақстандық телеарналарда алғаш рет ұйымдастырылып отырғандығын айта кеткім келеді. Өздеріңіз білетіндей бұған дейін біз көптеген байқаулар ұйымдастырған болатынбыз. Олардың барлығы көрермен тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Бұл жоба да ауқымды әрі пайдалы болады деп ойлаймын. Қазірдің өзінде бізге алғыс хаттар келіп түсуде», - дейді «Хабар» телеарнасының директоры Ринат Кертаев. 

  Ұйымдастырушылардың айтуынша бишілердің қандай жанрда билейтіндігі маңызды емес. Бастысы олар өз өнері арқылы – бидің өміріндегі алар орыны, әсері туралы көрсете білуі керек. Сол себепті болар байқауға әртүрлі жанрда өнер көрсететін өнерпаздар жиналған. Олардың арасынан жиырма жасар көше бишілерін, балет және классикалық би, сальса және тангоның өкілдерін, сондай-ақ хип-хоп, бачата, фристайл, брэйкданспен айналысатындарды да кездестіруге болады. «Би – бұл өмір. Бимен айналысқан сәттегі күйді сөзбен жеткізу мүмкін емес, бірақ, би арқылы өз ойыңды білдіруге болады және өмірлік бағытыңды таңдауға көмектеседі. Осындай жобаның қазақстандық телеарналарда ашылғанына өте қуаныштымын», - дейді жоба қатысушылары. Айта кетерлігі, кәсіби және әуесқой бишілердің басын қосқан сайысқа отандық шоу-бизнес өкілдері де қатысуға ниетті. Алайда, олардың кім екендігі әзірге құпия. Сонымен қатар жобаға қазақстандықтардан өзге, украин, қырғыз, ресей және куба елінің азаматтары да қатысады екен. 

  Бишілерге төрелігін айтатын қазылар алқасының құрамына «Astana Opera» театрының солисті Досжан Табылды, актер, биші, «Орда» тобының мүшесі Дастан Оразбеков және шетелден арнайы шақырылған маман бар. Ал, шоу 25 қыркүйектен бастап, әр жексенбі сағат 19.15-те шығады. 

 

Гүлнұр Өтжанқызы

«Түркістан» газеті, 25 тамыз, 2016 жыл

«Биле, Қазақстан!» жобасының арнайы парақшасы ОСЫНДА