Хабар телеарнасы

Таразда қаржы ұйымының басшысы өз мекемесін тонаған

Таразда құмар ойынға құныққан қаржы ұйымының басшысы өз мекемесін тонаған. Директор кассирді дәретханаға қамап, кассадағы 25 миллион теңгеге жуық қаржыны алып кеткен. Шаһарда «Тосқауыл» шарасы енгізілгеннен кейін қашып құтылмасын сезген 47 жастағы азамат өз еркімен полицияға берілген. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс тіркелді.

Алматыда ТikTok желісінде онлайн бәс тігу арқылы құмар ойын ойнатқан 2 азамат анықталды. Олар стрим ұйымдастырумен айналысқан. Тергеу барысында азаматтардың 4 ай ішінде 13 миллион теңгеге жуық заңсыз табыс тапқаны анықталды. Күдіктілер кінәлі деп танылып, сот үкімі шықты. Олар 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал бұған дейін дәл осындай фактімен төрт азамат ұсталған еді.

Жамбыл облысында 45 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаржысының орынсыз жұмсалғаны белгілі болды. 5 мекемеге аудит жүргізіліп, бірқатар заң бұзушылықтар анықталған. Мәселен, 17 миллиард теңгеге салынған әлеуметтік нысандардың актілері болмай шықты. Ал Таразды жылумен қамтып отырған мекеме қазандықты жаңғыртуға бөлінген 243 миллион теңгені кәсіпорын қарызын өтеуге жұмсаған. Сондай-ақ «Жаңатас-Су-Жылу» мекемесі қажет болмаса да қарда жүретін көлік сатып алынған. «Заңбұзушылыққа жол берген қызметкерлер жазасыз қалмайды», — дейді тексеру комиссиясының басшысы.

Қарағандылық полицейлер жол учаскесін дрон арқылы бақылауға кірісті. Пилотсыз құрылғы жол апаты көп болатын Алматы–Екатеринбург тас жолындағы қауіпсіздікті қадағалайды. Қазір полиция департаментінде үш ұшу аппараты бар. Олар кез келген көліктің нөмірін 200 метр қашықтан айқын түсіре алады. Жалпы облыста жыл басынан бері 208 жол көлік оқиғасы болып, 81 адам қаза тапқан.