Хабар телеарнасы

Кеңесбай Қали: Келешекте сұрапыл соғыс болмасын

Ел басына қара бұлт үйірілген 1941 жылы Кеңесбай Қали Самарқанда сарбаздар сапына қосылды. Ол сол жерде атты әскер корпусында эскадрон фельдшері болып қызмет етті. Арада жыл өткен соң Мәскеу түбіндегі майданға түседі.

Кеңесбай Қали, Ұлы Отан соғысы ардагері

- Атты әскермен Москваның түбінде немістерге қарсы шабуыл жасағанда адамдардан гөрі аттан көрген зорлық көп болды. Оқ тиген кезде ат мерт құлайды, сол кезде үстіндегі адамдар оқ тимей-ақ мойыны үзілді. Сондықтан атты әскерден механизированный соғыстың уақытында атты әскердің қажеті жоқ екен деп, біздің бәрімізді жаяу әскерге айналдырды.  

Кеңесбай ақсақал Мәскеу түбінен Берлинге дейін жаумен жағаласып, Жеңісті жақындатты. Соғыстан кейін шекара шепінде борышын өтеді. Бейбітшілік жолында қолына қару ұстаған Сыр жауынгеріне Жаңа жыл қарсаңында Елбасынан құттықтау хат келді.

Кеңесбай қария ұлт көшбасшысының сыйы мен сәлемдемесін қуанышпен қабыл алды. Ізгі іске шын ілтипат білдірді. 

Кеңесбай Қали, Ұлы Отан соғысы ардагері

- Елбасына айтарым, мыңда бір оған рахмет. Айтып жатқан сөздері, бәрі халықтың қамы. Көп халықтың басын қосқан бірден бір мемлекет біз. Сондықтан бәрінің ауызбіршілігі бір болып, елге бекем болыңдар,  келешекте сұрапыл соғыс болмасын. 

Майдангерлердің өмір жолы өскелең жасқа өнеге. Жастық ғұмырын соғыс жалмаған ардагерлер ерлігін ел жадында мәңгі жаңғырып қалары сөзсіз.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов