Хабар телеарнасы

Семейлік ардагер Ғаболғазиз Ахмеров Мемлекет басшысының құттықтауын алды

Зұлмат сұм соғыс басталғанда Ғаболғазиз Ахмеров мектепте оқып жүрген. Майданға сұранып жүріп, еріктілер қатарында аттанып бірден әуе десантшылар дивизиясына түсіпті.

Ғаболғазиз Ахмеров, ҰОС ардагері

-Әсіресе соғыста фашистерді Австрия, Венгрия мен Чехославакиядан қуғанымыз есімде. Соғыс 9-шы емес, 12 мамырда бітті. Біз ол кезде чех партизандарымен бірігіп, немістердің шағын топтарын талқандап жүргенбіз.

Келер жылы Ғаболғазиз ақсақал тоқсан жасқа толған мерейтойын атап өтеді. Егде тартқанына қарамастан, ақсақал әлі тың. Қалада ұйымдастырылатын

түрлі мәдени шаралардан да бір қалып көрген емес.

Келе жатқан жыл ардагердің есінде мықтап сақталмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан келген құттықтау хат пен сыйлықтар Ғаболғазиз қартты бір көтеріп тастады.

Ғаболғазиз Ахмеров, Ұлы Отан соғысының ардагері

-Елбасыдан жекелей алған құттықтау хат әрбір ардагер үшін үлкен қуаныш. Бізді қанша қартайсақ та, ұмытпаған екен деп марқайып қалған жайымыз бар.

Ғабдолғазиз ақсақал ешқашан қол қусырып отырған емес. Салауатты өмір салтын ұстанады. Жазда саяжайда демалса, қыста таза ауамен тыныстағанды жөн санайды. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына да ардагер ерекше дайындық үстінде. «Бұйыртса бұл күнде алыс емес», - дейді қария.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Анатолий Тернов