Хабар телеарнасы

Александра Кичигина бейбіт өмір сүріп жатқанына шүкіршілік етеді

90 жастағы кейуана бұған дейін де Президенттің бірнеше марапатына ие болған. Бірақ биылғы қой жылындағы сый-сияпаттың орны ерек.

Александра Кичигина әжейдің мамандығы фельдшер-акушер. 16 жастағы үрімдей қыз майданға оқу орнын бітіру кешінің үстінде аттанған. Ол Ленинград, Эстония, Эзель аралындағы шайқастарға қатысып, Отан қорғады. Бүгінде елге сыйлы ардагер. Ол жалпыұлттық акция аясында Мемлекет басшысының құттықтауына ие болды.

Александра Кичигина,  Ұлы Отан соғысы ардагері

- Жеке менің және барлық ардагерлердің атынан алғысымыз шексіз. Бізге үнемі ұмытпай, құрмет көрсетеді. Ешқандай мерекеде сый-сияпаттан шет қалмаймыз. Тіпті жылда Елбасыдан ардагерлерге қатысты жақсы жаңалық күтетінді шығардық. Бірде зейнетақымызды көтерсе, бірде түрлі сыйлықтар жасайды. Бұдан асқан құрмет бар ма?!

Александра Сергеевна Ресейдің Новосібір облысында дүниеге келген. Қазақстанға 1948 жылы көшіп, қайта қалпына келтіру жұмыстарына араласты. Ұзақ уақыт бойы медицина саласында еңбек етті. Елге, жерге сіңіп, бала-шағалы болды. Енді міне, көпұлтты мемлекетте бейбіт өмір сүріп жатқанына шүкіршілік етеді.

Александра Кичигина,  Ұлы Отан соғысы ардагері

- Біздің елде түрлі ұлт өкілдері тұрады. 100-ден астам. Неміс, татар, ұйғыр, орыстар да бар. Барлығымыз бейбіт өмірде тату-тәтті өмір сүрудеміз. Мұның барлығы Президент Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатының арқасы деп білем.  

Отан үшін от кешкен қарт майдангерлердің қатары жыл санап сиреп барады. Олар қандай құрметке болса да лайықты. Оны бүгінгі өскелең ұрпақ жақсы біледі.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Рауан Байкенже, Бақытжан Бапаев