Хабар телеарнасы

М. Әбдірахманов майданға 43 жылы Жымпиты ауданынан шақырылған

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Елбасынан құттықтау хат алып, көңілі марқайған майдангермен сол өңірдегі тілшіміз сұхбаттасып қайтты.

Оралдық Меңжан Әбдірахманов майданға 43 жылы Жымпиты ауданынан шақырылып, әуелі артиллериялық полкте қызмет етеді. 1944 жылы Карелия майданындағы 52-гвардиялық миномет полкіне алынады.  

Меңжан Әбдірахманов, Ұлы Отан соғысының ардагері

- 17 жасымнан 24-ке дейін Отан қорғауда болдық. Әуелі Герман соғысында, сосын ол біткеннен кейін Жеңіс парадын өткізіп, кейін біздерді Япон соғысына жіберді. Ана Моңғолия, Маньчжурия, Харбинге дейін барып, Харбиннен мына жерде  Қытаймен границада Дальный Востокта 5 жыл ұстады. Сонымен менің барлық жастық өмірім Отан қорғауда қалды.

Жеңісті жақындатқан жандардың бірі ретінде ардагерге Елбасы атынан жолданған құттықтау хат табысталды. «Бұл мен үшін әрине, күтпеген жағдай. Бірақ, Президентіміздің ел басына күн туған шақта халқына қалқан болған жандарға деген құрметі зор екенін жақсы білеміз», - дейді қарт жауынгер.  

Меңжан Әбдірахманов, Ұлы Отан соғысының ардагері

- Біз секілді ардагерлерге деген зор құрметі мен ықылас-пейілі үшін Президентке үлкен алғысымды білдіремін. Ол осынау қан майданға қатысып, елі мен жерін жаудан қорғаған ардагерлердің ешқайсысы да ұмыт қалмайтынын жиі айтып жүреді. Сол үшін де оны халқы ерекше құрметтейді, бейбітшілікті сақтау жолындағы еңбегін жоғары бағалайды.

Кейін кейіпкеріміз қызмет ететін полкті Қиыр Шығысқа аттандырады. Жапон милитаристері сөзсіз тізе бүккеннен кейін де майдангерлер 5 жылдай әскери қызметте болады. Туған ауылына тек 1950 жылы ғана оралып, отбасын құрады. Бүгінде он баласынан тараған немере-шөберелі тату-тәтті тірлік кешуде.

Рашида Мұханбетқалиева, ардагердің қызы 

- Біздің әкеміз әлі де әскери адам болған кездегі дағдыларын ұмыта қойған жоқ. Сондықтан, отбасында оның айтқаны сөзі біз үшін заң. Барлығымыз сол кісіге сөзсіз бағынамыз. Әкеміз бізге отбасында әрқашан татулық пен келісім болуы керектігін айтып отырады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді біз әкемізден үйренген ең басты тәлім-тәрбиеміз деп ойлаймын.

1945 жылы Қызыл алаңда сап түзеп, Жеңіс шеруінің куәгері болған майдангер бұйырса, Жеңістің 70 жылдығына арналған шараға қатыспақ. Отан үшін от кешкен аға буынның жеңісті жолы кейінгі ұрпаққа үлгі.

Авторы: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Мырзағалиев, Қанат Махмутов