Фильм туралы

«Көне жетігеннің сыры»

Жол жөндеу жұмысы барысында экскаваторшы Қазығұрт жотасының бойынан былғары қап тауып алады. Шіріп бара жатқан бұл қаптың ішінде «Жетіген» деген ежелгі музыкалық аспап пен ішектерінің тірегі саналатын асықтар жатыр екен. Жетігеннің сыртында шегіршінмен жазылған арабша жазу әрең байқалады.

Кинотуындының бас кейіпкері Самал – Өнер академиясы «музыкалық аспаптар» факультетінің 4-курс студенті. Оның курстық жұмысының тақырыбы: «Жетіген ұлттық музыкалық аспабы».
Ол аталмыш аспаптың жергілікті өлкетану мұражайына тапсырылғанын біледі де, досы Нұрболмен бірге археолог Ерболатты ертіп, Жетігенді толық зерттемекші болады. Біріншіден ондағы ежелгі жазудың мағынасын анықтап, екіншіден соның негізінде аспаптың жеті асығын табуға бел буады.

Белгілі болғандай, Жетігеннің жеті асығы өңірдің жеті тарихи жеріне жасырылған. Жазуға мән берсе, асықтарды тапқан кезде қандай да бір ғажайыптың болуы керек. Жастар табандылығы мен тапқырлығының арқасында керемет жаңалық ашады.
Ең қызығы Жетіген Шығыстың ұлы ғұламасы, Аристотельден кейінгі әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің музыка туралы трактатын шығаруға негіз болған.
Фильм кейіпкерлері қандай қиындықтарға тап болады? Асықтарды іздеу жолында қай жерлерге барады?