Хабар телеарнасы

«Ел Арна» байқау жариялады

Агенттік құрамына кіретін «Ел Арна» қысқаметражды көркем фильмдердің байқауын жариялап отыр. Бүгін телеарна басшылығы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында болып, өнер бәйгесінің шарттарымен таныстырды.

«Ел Арна» – Қазақстандағы алғашқы және жалғыз киноарна. Байқаудың мақсаты – қазақстандық режиссерлер, сценаристер мен продюсерлердің жұмыстарын қалың көпшілікке насихаттау, көрермендерді «шағын кино» жанрымен таныстыру, дебюттік жұмыстарға қолдау көрсету.

Айтқазы Байбеков, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры:

– Болашақ режиссерлардың, продюсерлердің, сценаристердің, операторлардың өсуіне, талантты дүниелерді елге танытуға бұл – үлкен мүмкіншілік.

Байқаудың тақырыбына елордамыз Астана қаласының 20 жылдығы арқау болып отыр. Қысқаметражды фильмдер 31 мамырға дейін қабылданады. Ең үздік 3 жұмыс 2018 жылдың ішінде «Ел Арнада» көрсетіледі.

Жансая Сағымжан, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті:

– Осы уақытқа дейін біз курстық жұмыстар түсіріп жүрдік. Бірақ оны тек қана өзіміздің мұғалімдерімізге ғана көрсете аламыз. Басқа жақтарға көрсетуге мүмкіндік жоқ болған. Тіпті группамен түсірсек те немесе жалғыз өзіміз түсірсек те қатысуға тырысамыз.

Биыл «Ел Арнаның» ашылғанына бір жыл толды. Осы уақытта әр алуан жанрдағы отандың киноның насихаттаушысына айналды. Тағы бір жағымды жаңалық алдағы уақытта «Ел Арна» кабельдік телевизия операторларының желісіне қосылып, аудиториясы кеңейетін болады.

Сатыбалды Нарымбетов, кинорежиссер, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері:

– Біздің қатарымыз сиреп қалды да, бір топ қазір, бір топ емес бірнеше лек болып, біздің ұлттық қорымызға, кино қорымызға жастар құйылып жатыр. Солардың шығармасын насихаттайтын ең негізгі құрал – біздің «Ел Арна» каналы.

 «Ел Арна» мұнымен қатар Астананың 20 жылдығына орай жас ақындардың байқауын да ұйымдастырып отыр. Жеңіске жеткен үш ақынның өлеңдерінің негізінде поэтикалық фильм түсіріліп, экраннан көрсетіледі. Екі байқаудың да шарттарымен www.elarna.kz сайтынан таныса аласыздар.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев