Өзекті

«Хабар» арнасында «Zerde» зияткерлік телебағдарламасы көрсетіле бастайды

«Хабар» арнасында «Zerde» зияткерлік телебағдарламасы көрсетіле бастайды

Жақында «Хабар» арнасында «Zerde» деп аталатын интеллектуалды ойындарға негізделген жаңа телебағдарлама көрсетіле бастайды. Жоба британдық франшиза өнімі болып табылады. Әлемнің барлық мемлекетінде кеңінен танылған викториналық ойын енді қазақстандық аудиторияға да ұсынылмақ.

«Zerde» әлемге әйгілі озық жобалардың бірі саналады. Яғни британдық үлгіде құрылған бағдарламаға 45 жыл. Осы уақыт аралығында білім мен ғылымға негізделген телевизиялық өнім Жаңа Зеландия, Үндістан, Ресей сыңды мемлекеттердің көрермендеріне кең танылған.

Манас Қарақұлов, «Zerde» жобасының продюсері:

- Бұл әлемнің бірнеше елінде 70-ші жылдардан бері көрсетіліп келеді. Біз осындай тарихы бар ойын үлгісіндегі жобаны қазақстандық көрермендерге ұсынып отырмыз. Оған әртүрлі жастағы барлық ұлт өкілі қатыса алады. Мұндай бағдарлама халықтың зияткерлік білім деңгейін арттыруға септеседі деген ойдамын.

Онлайн өтініш толтырып, сауалнама арқылы жобаға қатысуға ниет білдіргендер көп болыпты. Бірақ олардың ішінен тек мықтылар ғана таңдап алынады.

Әділ Молдабеков, жобаға қатысушы:

- «Zerde» жобасы туралы «Хабар» арнасының сайтынан білдім. Өзімді сынап көргім келді. Негізі бұрын да жобаларға қатысқанмын. Ал «Zerde» интеллектуалды сұрақтарымен қызықтырды. Себебі сұрақтар қиын, сондықтан осы жерге өзімді сынау үшін келдім.

Ойын екі кезеңде өтеді. Әр бағдарламаға 4 қатысушы шақырылады. Олар кезекпен ортаға шығып, өзі таңдаған сала бойынша екі минуттың ішінде неғұрлым көбірек сауалға жауап беруі тиіс.

Манас Қарақұлов, «Zerde» жобасының продюсері:

- Бір кезеңде 21 ойын болады. Сол 21 ойынға 64 ойыншы қатысады. Олардың ішінен ең білімдісі шоудың соңғы сынағына дейін жетуі тиіс. Өтініш білдірушілер республикамыздың әр өңірінен келіп жатыр. Бұл додада бір ғана жеңімпаз болады және «Zerde» қазақстанның ең білімді адамын анықтайды.

Қазір зияткерлік тележобасының түсіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ойын тәртібі өте қарапайым, артық технологиялық және техникалық күшті қажет етпейді. Қазақстандық тележобаны көрермендер жақын күндері тамашалайтын болады.

Авторлары: Индира Оразалинова, Кенже Әмреев

Last modified on