«Хабар» Агенттігі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жаңажылдық тосынсый жасады
Астанада "Хабар" Агенттігінің ұйымдастыруымен "Асыл арман" - "Заветное желание" анимациялық фильмінің қайырымдылық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды Nur.kz.
Іс-шараға балалар үйінің тәрбиеленушілері, аз қамтылған отбасылардың балалары мен ерекше қажеттілігі бар 100 астам бала келді. Анимациялық фильм Walt Disney киностудиясының 100 жылдық мерейтойы аясында түсіріліп, әлемдік прокатқа шыққан болатын.
Балаларға қамқорлық таныту – Агенттіктің үнемі назарында. Әлеуметтік қолдау тек жәрдемақылармен шектелмейтіні мәлім. Аталған іс-шара да ерекше күтімді қажет ететін балалар мен қолдауға зәру бүлдіршіндерге әлеуметтік қамқорлық көрсетіп, қуаныш сыйлау, оларды қоғамдық ортаға бейімдеу мақсатымен ұйымдастырылды.
Достық, мейірім мен татулық сияқты игі құндылықтарды насихаттайтын бұл туынды кішкентай көрермендерді ерекше әсерге бөледі.
"Бүгін қайырымдылық қордың қамқорлығындағы балалар үшін нағыз мерекелік күн болды. Мультфильм бүлдіршіндердің жігерін, өмірге деген құлшынысын арттыра түсті. Олар жылылыққа мұқтаж және мұндай тосынсыйды асыға күтіп жүреді. Ерекше қажеттілігі бар балаларға көңіл бөліп, осындай қызықты әрі танымдық туындыны көруге шақырған "Хабар" Агенттігіне алғысымыз шексіз", - деп жеткізді "Бақытты шаңырақ" қайырымдылық қорының жетекшісі Ботагөз Сұлтанова.
Іс-шара барысында бүлдіршіндерге жаңажылдық сыйлықтар мен тәттілер таратылды.