Хабар телеарнасы

Жендеев Иса

Жендеев Иса

1918 жылы бұрынғы Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында дүниеге келген атамыз Иса Жендеев – ел басына қасірет әкелген сұм соғыстың куәгері. Жиырмадан енді ғана асқан жалынды жас 1939 жылы әскерге шақырылып, Финляндияға қарсы соғысқа аттанып, әскер бригадасында жүріп, майданға қатысқан. Кейін командир курсын бітіріп, 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысында взвод командирі болып, оқ пен оттың қақ ортасында болған. Ұйымдастырушылық ерекшелігі мен әскери шеберлігінің арқасында аға-лейтенант шенін алады. 1942-1943 жылдары Сталинград шайқасына тікелей қатысып, майдандастарымен бірге соғыстың нағыз ортасынан шығады. 1944 жылы Қырымның Сапунгора шайқасында ауыр жарақат алып, госпитальге  түседі. Әскери міндетін соғыс шарпыған майдан даласында өткізіп, аман-есен елге оралады.

Жаралы жауынгер туған топыраққа келгеннен кейін қызу еңбекке араласып, ауылдың экономикасын көтеруге қосқан үлесі үшін «Ленин» орденімен марапатталды. 1944 жылдан 1949 жылға дейін Қызыларасан МТС-ында көлік жүргізушісі, 1949-1950 жылдары тракторшы, 1950-1957 жылдарда Еңбекшіқазақ ауданындағы Түрген селосында механик-комбайнер болады. Осылайша қолына қару алып, жанын түйіп жүріп, Жеңістің жемісін жеп, отбасын құрып, бір ұл, екі қыздан алты немере, тоғыз шөбере сүйді.  Өзі туып-өскен Жалаңаш ауылындағы бір көшеге аты берілген. Атамызды тек Жеңіс күні қарсаңында ғана емес, үнемі үлгі тұтып, немере-шөберелеріне атамыздың есімін мақтанышпен айтып, жанымызға сіңіріп келеміз. Осылайша атамыздың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынына сеніміміз мол.

Атамыздың соғыс және еңбектегі жетістіктері:

  1. Медаль «За Победу», 1946;
  2. Орден «Великой Отечественной войны II степени», 1958;
  3. «За освоение целинных земель», 1957;
  4. 20 лет Победы 1941-1945 гг., 1966;
  5. 50 лет Вооружённых Сил СССР, 1968;
  6. «Ленин» ордені, 1973;
  7. Медаль «Ветеран труда», 1977;
  8. 60 лет Вооружённых Сил СССР, 1978;
  9. 25 лет Победы, 1970;
  10. Победитель социалистического соревнования, 1973, 1974;
  11. 30 лет Победы, 1975;
  12. Орден «Великой Отечественной войны I степени», 1985;
  13. 40 лет Победы в ВОВ, 1985.

Авторы: Жендеева Сания Амантаевна