Кужекешев Сабыр Ерғалиұлы (1920 - 1978 жж.)
Қызыл жұлдыз ордені иесін таба алмады...
Ұлы Отан соғысының жеңісіне 75 жыл! 75 жыл бейбітшілікте өмір сүріп келеміз. Осындай бақытты өмір сыйлаған соғыс ардагерлеріне мың алғыс! Олардың ерліктері мәңгі ұмытылмайды. Осы күнге дейін есімдері мен ерліктері анықталып келеді.
Осы жеңіске үлес қосқан Ленинград майданының ардагері әкемді еске алып, оның ерлігі туралы айтқым келеді. Қазіргі заманда интернет желісі пайда болып, әкеміздің ерлігін, оның «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғанын жаңадан біліп отырмыз.
Кужекешев Сабыр Ерғалиұлы Астрахан облысы, Камызяк ауданы, Табала ауылында 1920 жылы 9 қаңтарда дүниеге келген. Кішкентай кезімізде әкеміз қалай соғысқанын әңгімелейтін. Ленинград қаласында офицерлер дайындайтын курста оқып жүргендегі қиындықтарды, Ленинград маңындағы шайқасты айтып отыратын. «Невский пятачок» аталатын жерде соғысқанын кейін білдік. Сол шайқастың бірінде әкеміз ерлік жасапты. «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталыпты. Әттең сол ордені иесін таба алмады. Әкем жараланып госпитальге кетіпті, кейін артынан да ешкім жібермепті.
Соғыстың салдарынан жүрегі сыр беріп, 58 жасында дүниеден ерте озды. Ұлы Отан соғысының ардагері болғандықтан, 55 жасынан зейнетке шығуға болар еді, бірақ ол өзі жеңілдіктермен пайдаланғысы келмеді. Нағыз ісі сөзіне сай келетін, шындықты бетке айтатын адам еді.
«Зейнетке шыққан соң соғысқан жерлерді аралаймын», – деп армандайтын. Соғыстан кейін әртүрлі салада жұмыс атқарды. Білетін адамдар әлі күнге дейін құрметпен еске алады. Жанұя құрып, жары Молдағалиева Қазира екеуі екі ұл, үш қыз бала тәрбиеледі, қазіргі кезде екі немере екі шөбере өсіп келеді.
Жастық шақтары отқа оранған соғыс кезінде өткен, өмірдің бар қиындығын абыроймен жеңіп шығып, адамгершіліктерін жоғалтпай, бізді әділдік, сыйластық, татулыққа тәрбиелеген әкемізге риза болып, сүйіспеншілікпен еске алып отырмыз.
Наградалары:
- Ұлы Отан соғыс кезінде бірнеше медальмен марапатталды.
- 1943 жылы 3 маусым, «За оборону Ленинграда»;
- 1947 жылы, «За победу над Германией в ВОВ 1941-1945»;
- 1954 жылы, «За боевые заслуги»;
- 1959 жылы, «В память 250-летия Ленинграда»;
- 1965 жылы, «20 лет Победы в ВОВ 1941-1945»;
- 1976 жылы, «30 лет Победы в ВОВ 1941-1945».
Авторы: Кужекешева Шолпан Сабырқызы