Хабар телеарнасы

Рақымбеков Қоспан (1926 - 2011 жж.)

Біздің әкеміз Рақымбеков Қоспан 1926 жылы 10 қаңтарда бұрынғы Көкшетау облысы, Көкшетау ауданы, Ақан ауылында дүниеге келген.

1944 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды.

Ал қараша айында Екінші Украина майданына аттанған. Сол жақта жүріп, Польша, Чехословакия, Венгрияны азат ету ұрыстарына қатысқан. 1945 жылы сәуір айында Австрияның астанасы Вена қаласын азат ету ұрысында қолынан жарақаттанып, Чехословакиядағы госпитальға түскен. Қасындағы жауынгерлермен бірге Жеңіс күнін сол жерде қарсы алған. 1945 жылдың шілде айынан бастап Украинаның Львов қаласындағы әуе полкінде жүргізуші болып, еңбек жолын жалғастырған.

Әкеміз елге тек 1950 жылы оралды.

Наградалары:

  • ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені;
  • «Ерлігі үшін» медалі;
  • «Еңбек ардагері» наградасы;
  • «Тыңның 20 жылдығы» медалі;
  • «Қызыл жұлдыз» ордені.

Зейнетке шыққанға дейін туған жеріне қызмет етті.

Адал жүректі, көңілі таза, еңбекқор болатын. Бойындағы қайсарлықты әркез бізге үйрететін. Анамыз Назирамен бірге 7 ұл-қызды өсіріп, тәлім-тәрбие берген. Қолымызға диплом ұстатты.

Бүгінде ұл-қыздары жеке-жеке шаңырақ көтеріп, балалы-шағалы болып отыр.

Ол кісі 2011 жылы 21 қазанда көз жұмды.

Әкеміздің ерлігін ұрпақтары ешқашан ұмытпайды, есімін мақтан етеді!

Авторы: қызы Әлия Қоспанова