Барбилов Оспан (1925 - 2000 жж.)
Оспан Барбилов 1925 жылы Ұлытау ауданының Алғабас кеңшарында туған. Неміс басқыншыларының қанды қорғаны Оспан ағаның өміріне ізін қалдырды. 1942 жылы орта мектептің 8-сыныбында оқып жүргенде әскер қатарына алынды. Жиырмаға жасы толмаған жас жігіт өмірінің нұрлы дәуренді шағын майданды даламен алмастырды. 1943 жылдың желтоқсанында Панфилов атындағы 37-атқыштар полкіне кірді. Сөйтіп 18-ден енді ғана асқан жас жігіт соғыс деген зұлматты көзбен көрді. Кезекті бір ұрыста дәл жанынан жарылған снаряд жарықшағынан жарақат алған жауынгер Оспан ес-түзсіз госпитальге жөнелтілді. Қазан қаласында үш ай емделді. Снаряд жарықшағы бетті талқандап жіберген. Осы ауыр жарақаттан тісінен, таңдайынан айырылып, білікті дәрігрлердің күшімен аман қалды. Жасанды таңдай салдырып, 1946 жылдың сәуірінде елге оралды.
Елге келісімен еңбекке араласты. Ол кезде ауылда бас көтерер ер азаматтар санаулы болды, майданнан қайтқан бірең-сараңы мүгедек болып келіп жатты. Амалсыздан №45 шахтаға тұрған Оспан аға уақытпен санаспай, үлкен еңбегін үлеске қосты. Осекең Ендігүл шешеймен 13 баланы тәрбиелеп қатарға қосты. Көпбалалы отбасынан тәрбиеленген балалардың қоғамда, халық алдындағы біліктілігі мен білімі басқаша болады ғой. Қай баласына көз тіксең де көріктілігімен, өзгеше мінездерімен қызықтырып тұрады.
Қарт майдангердің ұрыс даласындағы ерлігінің куәсіндей болып, омырауында ІІІ дәрежелі даңқ, І дәрежелі Отан соғысы ордендері, 30-ға жуық мерекелі медальдері жарқырайтын. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 50 жылдығы» марапаты – кейінгі жылдары берілген тамаша ерліктің куәсі.
Майдангер Оспан Барбилов 2000 жылдың 3 мамырында дүниеден өтсе де, оның ерлігі әрқашан жүрегімізде қалады.
Авторы: немересі Барбилова Гүлдана