Ильясов Бухан (1924-2012 жж.)
Соғыс, жеңіс, естелік...
1941 жылдың маусымы мен 1945 жылдың мамыры аралығында Алға ауданы бойынша 11 749 адам соғысқа аттанды. Олардың 2 763-і майданда қаза болып жəне хабарсыз кетті. Соғыстан кейін елге оралғандардың саны – 1552 адам.
Менің атам Ильясов Бухан 1924 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданының Қарағаш ауылында дүниеге келген. Қарағаш ауылындағы орта мектепті бітірген. 1942 жылы колхозда жұмыс жасап жүріп, Смоленск облысына соғысқа аттанған. Соғыс кезінде Смоленск, Беларусь, Чехословакия қалаларын, Қаратеңіз кемежай портын Германия фашистерінен елді азат етуге қатысып, 1945 жылы Берлин қаласындағы шайқаста жеңіспен оралған.
Соғыста атқарған еңбегі жəне ерліктері үшін төмендегідей медаль жəне ордендерімен марапатталған:
- Отан соғысы үшін І дәрежелі медаль;
- 1941-1945 жыл Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 20 жыл, 30 жыл, 40 жыл, 50жыл, 55жыл, 60 жыл медальдері;
- КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл, 60 жыл, 70 жыл медальдері;
- Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалі;
- «Еңбек ардагері»;
- «Берлинді жеңіп алу»:
- «Кенизбергті жеңіп алу»;
- «Ерлігі үшін» медалі;
- «Германияны жеңгені үшін» 1941-1945 жыл;
- «Бресть қаласын азат еткені үшін» алғыс хаты;
- «Астана қаласына 10 жыл» медалі.
Соғыстан кейін атам облыстық тұтынушылар одағында есеп кеңесінде бухгалтер болып қызмет атқарды. Бүгінде атамнан бес ұл мен үш қыздан 26 немере, 50 шөбере тарады. Соғыс біткен кезден бастап Ильясовтар əулетінде əр 9 мамыр үлкен ұлан-асыр той болатын. Яғни 67 жыл бойы 9 мамыр шаңырағымызда атамызбен тойланып келді. 2012 жылы атам дүние салды. Қазір 8 жыл өтті. Бірақ атамыздың ерлігін, өзін ешқашан ұмытқан емеспіз. Ұрпақтары болып еске алып тұрамыз.
Авторы: немересі Шыңғыс Ильясов