Ахметов Қабыш
Отан қорғау жолында өз ар-ожданымен жауға қарсы аянбай айқасқан, озбыр жауды жеңуге өзіндік үлес қосқан жауынгерлердің бірі – Қабыш Ахметов. Орта мектепті аяқтамай Қабышты Қарқаралы әскери комиссариаты «Қызыл армия» қатарына алған.
1941 жылы Қабыш Ахметов алғашқы соғыс өрті тұтанғанда-ақ жауға қарсы сұрапыл шайқасқа араласқан. Олар 172-дивизияның 540-атқыштар полкінде болатын. Жаумен алғашқы шайқасқа 26 маусым күні Могилев қаласында килігеді. Кескілескен ұрыстар бірнеше күнге созылады.
Майданнан тағдыр тартуымен партизандыққа ауысқан Қабыш Ахметов 2-Клетнян Партизан бригадасының кұрамында жүріп, фашистермен соғыста көптеген ерлік жасайды. Соның бірі 1968 жылы Алматыда басылып шыққан «Ерлік» атты жинақта баяндалыпты. Партизандар өмірін сипаттайтын әңгімеден мынадай жолдарды оқуға болады: «Бұл топта Қабыш Ахметов та бар еді. Қабыш – партизан, майдангер жазушы. Шәріповпен Беларусияда, Смоленск, Орел, Брянск қалаларында 27 ай бойы жауынгерлік жорықта бірге болған».
Партизандар командирі полковник Т.Коротченко, комиссары П.Лебедев 1943 жылы Қ.Ахметовке берген жауынгерлік мінездемесінде: «Әсіресе Пеклина, Рябчичи елді мекендеріндегі неміс гарнизондарын, Понятовка станциясын талқандауда, Бесеть өзеніндегі үлкен теміржол көпірін бұзуда немістің ірі колоннасын құртуда көрсеткен ерлігі үшін Үкімет наградасына ұсынылғандардың қатарында», – деп жазылған.
Қабыш Ахметов Брянск облысын жаудан азат еткеннен кейін 2-гваридиялық дивизияның солдаты болып, Беларуссияны, советттік Прибалтиканы азат ету ұрыстарына қатысып, батырлык көрсетеді. Ақыры жауды жеңіп, Қабыш Ахметов 1946 жылы мамыр айында туған еліне оралады.
Сұрапыл жылдардағы шайқаста жанқиярлық ерліктер көрсеткені үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, І дәрежелі «Отан соғысының партизаны», екі рет «Ерлігі үшін» және басқа да жауынгерлік медалімен наградталған.
1961-1971 жылдары Егіндібұлақ ауданының совхоздарында партком секретары болды. 1971-1977 жылдары селолық халық депутаттары советінің төрағасы болып істеді, 1977-1981 жылдары аудандық мемлекеттік сақтандыру инспекциясының бастығы, 1962-1980 жылдары Арқалық, Шарықты, Егіндібұлақ селолық советінің депутаты болды. Осындай атқарған көрнекті қызметіне байланысты «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерең еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медалімен, ҚР Жоғарғы кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Ардагер атамыздың соғыстағы ерлігі мен жұмыстағы еңбеккерлігі өзінен кейінгі ұрпаққа өнеге бола бермек.
Авторлары: немерелері Ахметов Қуандық, Ахметов Тлек