Дүйсенбаев Ысқақ (1910 - 1944 жж.)
Жетпіс жыл күттірген қайран Ағам!
Ұлы Отан соғысының халқымызға алып келген қасіреті адамзат тарихындағы ең қайғылы, қасіреті жойқын соғыс болғаны ақиқат. Сол соғыста 60 млн-нан астам адамның өмірі қиылды.
Соғыстың салған жарасы қанша жыл өтсе де, естен шықпайтын, жүректе сақталып қалған үлкен қайғы. Содан бері үш-төрт жаңа ұрпақ дүниеге келсе де, ұмыт болатын емес, ұмыт болмайтын да шығар.
Төменде осы айтылған жағдайды растайтын өмірдегі болған жағдайды сіздерге жеткізейін деп отырмын. Ағам табылды. Жақсы хабарды 20 қаңтар 2015 жылы алдық. Техниканың жетістігі арқасында интернеттен табылды.
Менің әкемнің (Дүйсенбаев Смайыл) туған інісі Дүйсенбаев Ысқақ соғыстан қайтпай қалған, опат шейіт болған азаматтардың бірі.
Бұл кісілер төрт ағайынды болған, үлкені Оспан 1903 жылғы, Смайыл 1906 жылғы, Ысқақ 1910 жылғы, Кенжетай 1913 жылғы, ол жас кезінде қайтыс болған, ұрпақ жоқ. Қалған үш кісілерден тараған ұрпақтар бар. Олар Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Керделі ауылдық советтің жерінде, нақты Сырдарияның арғы бетінде Таштоп (Ташкентское топливо) паровозға сексеуіл дайындап жіберетін орын Қызыл жыңғыл жерінде ата қоныста дүниеге келген.
1932-1933 жылы жаппай ашаршылық кезде барлығы Өзбекстанның Ташкент облысы, Пскент ауданындағы №6 Көкарал совхозындағы туысы, сол кездегі қызметкер қарт большевик ағалары Нұржанов Әлиасқардың қарамағына барып паналайды.
Германия фашистерінің 1941 жылғы 21 маусымда елімізге соғыс ашуына байланысты Ысқақты армия қатарына тамыз айында шақырып, Пскент аудандық әскери комитетінен Алматы қаласындағы генерал М.Панфилов жасақтаған 316-атқыштар дивизиясының құрамына жіберіледі. Ол дивизияның құрамы Қырғызстан, Өзбекстаннан және Қазақстанның өзінен әскерге шақырылған азаматтардан жасақталған болатын.
Жағдайдың қиын болуына байланысты оларды әскери дайындықтан тездетіп өткізіп, Мәскеу түбіндегі немістермен болған жойқын соғысқа апарып салған.
Ол дивизияның даңқы – Ұлы Отан соғысында алтын әріппен жазылып тарихта қалған әйгілі құрам. 1941 жылдың қараша айында жау Мәскеуге 18 км жақындағанда, жаудың шабуылын бірінші рет тоқтатып, барлық танкін қиратып, әскерін жойып, бірінші жеңіске жеткен дивизия. Сол соғыста 28 гвардиялық Панфиловшыларына Кеңес одағы батыры атағы берілген.
Совет армиясында ағамыздың осындай даңқты дивизияның құрамында болып соғысқанын енді біліп, мақтан тұтып отырмыз. Ол кісі сол 1941 жылдың аяғынан 1944 жылдың 3 ақпанында қайтыс болғанға дейін осы құрамда қан майданның ішінде үздіксіз болып соғысқан.
Өмірінің соңында соғысқан Калинин майданы, 6-гвардиялық армиясы, 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы, №1077 полкі құрамында Великие Луки, Новосокольнический ауданы жерінде Ленинградтың қоршауын бұзуға бағытталған жойқын соғыста мерт болған. Майор Бауыржан Момышұлы №1077 полктың командирі болып, қатар соғысқан. 1944 жылдың 3 ақпанында өзі қайтыс болғаннан кейін, екі күннен соң 5 апқан 1944 жылы бірінші және соңғы рет қоршау бұзылып, Ленинградқа жол ашылып, қаланың халқы аман қалған.
Қайтыс болып, жерлеген жері Монакова селосы, Волгино қалашығының жанында Новосокольнический ауданы екен. Интернеттен берілген тізімде өлген қазақтардың аттары өте көп. 70 жылдан кейін дерегі шығып, ағамның табылғанына қатты қуандым. Ол кісінің соғыста хабарсыз кетіп, дерегін білмей қайғырған, құса болған ағалары Оспанды, Смайылды, жары Қарақасты тарыққан, зарыққан кейіптерін көрген адаммын. Ол кісілер сол қайғыларын арқалап, ешқандай дерек білмей, өмірден өтіп кетті.
Ысқақ ағамыз соғыста кіші сержант дәрежесінде соғысып, партия мүшесі болған ВКП(б). Ол кезде кез келген адамды партия мүшелігіне ала бермейтіні анық. Полк командирінің №033 5 шілде 1943 жылғы бұйрығының 6-кезегінде бөлімше комнадирінің орынбасары Дүйсенбаев Ысқақ 21-22 мамыр 1942 жылы немістердің шабуылын тойтару кезінде немістің бір офицерін және бес солдатын өлтіргені және 21 сәуір 1943 жылы жасырын орында отырған екі немісті өлтіргені үшін «Ерлігі үшін»(За отвагу) медалімен наградталған деп көрсетілген.Басқа да наградалары әлі іздестіріліп жатыр.
Сонымен қатар ағамызбен бірге жерленген мына төмендегі азаматтардың аты-жөні белгілі болды, барлығы сол дивизиядан, сондықтан бұл кісілердің де аты-жөнін толық көрсетейін деп отырмын, мүмкін туыстары табылып қалар деген ізгі ниетпен қосымша хабарлаймын:
- Байттаев Сеилбек-1921ж. Комсомол ОҚО Шаян ауд. Көктерек с/совет 3.02.1944ж. қайтыс болған. Әйелі Ракия
- Абишев Темирбек -1925ж. ВКП(б). ОҚО. Жуалы р-н. Күркүреук селосы. 03.02.1944ж. қайтыс болған. Анасы Абишева Рахия
- Нурғазиев Адилхан-1921ж. ВКП(б). Алматы обл. Нарынкөл ауданы, Кзыл-Шығар селосы. 03.02.1944 қайтыс болған. Әкесі Елшаев Нұрғазы.
- Гапуров Разак-1905ж. ВКП(б). Алматы Фрузак селосы. 03.02.1944ж. қайтыс болған. Әйелі Гапурова Мотя.
- Илубаев Турганбек – 1922ж. К.т. ВКП(б). Ташкент обл, Чирчик р-н, Барденкульский с/совет. 03.02.1944ж. қайтыс болған. Әкесі Дусанбетов Илубай.
Менің әкем Смайыл 1942 жылы қазан айында армияға алынып, Харьков, Житомир қалаларын азат етуге қатысып, авиабомбаның астында қалып, контузия алып, (екі құлағы керең болып қалған), 1943 жылдың қарашасында елге оралған.
Соғыста інісі Ысқақпен мүмкіндігінше хат алысып тұрған. Інісінен ең соңғы 31.07.1943 жылы жазылған хатын алғаннан кейін хабар үзілген. Ол хат үйде сақтаулы. Елге келіп қанша іздестіргенмен, хабарын таба алмаған. Соңғы хабарды жақында біз алып отырмыз. Әкем 1984 жылы 78 жасында қайтыс болды. Өлгенше інісін жоқтап, арманда кетті.
Ағамыз армияға алынғанда үш жасар Жүрсін деген қызы болған. Әйелі Қарақас 30 км жердегі Пскент ауданында әскерде болған ерінің артынан есекке мініп, қызын алдына алып, іздеп барып, жолығып қайтқанын өлгенше айтып отыратын. 1942 жылы қаңтарда екіқабат болып қалған әжеміз Ерден деген ұл баланы дүниеге әкелген. Ерден әкесін, әкесі баласын көрмеген.
Менің әкем жетім қалған інісінің қызы Жүрсін мен ұлы Ерденді қолына алып, бізбен бірге бағып, асырап, өсіріп азаматтыққа жеткізді. Жүрсінді бойжеткенде қолдан ұзатып, күйеуге берді. Ерденді үйлендіріп, бір балалы (баласы Төленді) болғаннан кейін енші беріп, бөлек шығарды. Екеуінен де ұрпақ ұл-қыздары бар, өсіп-өнген жандар.
Әкем Смайыл ауылдың қадірлі азаматы болып, қойма меңгерушісі, бөлімше бастығы болып қызмет істеп, бізді ел қатарлы бағып өсірді, дұрыс білім алдық. Тамақтан, киімнен таршылық көргеніміз жоқ.
Бала кезімде көрген, есімде қалған соғыстың зардабының бірін айтқым келеді.
Соғыстан кейінгі халықтың жағдайы қиын кезде елді аралап қайыр сұрайтын қайыршы дуаналар мен сығандар көп болатын еді. Олар әр үйге кіріп, қайыр сұрап, өздерінше әулие болып, білгішсініп, соғыстан келмеген адамың бар екен, сол адам ұзамай 21, 49, 77 т.б. күннен кейін келеді деп, сәуегейлік айтып, бал ашып, адамдарды иландыратын. Соларға Қарақас әжеміз қолдағы барын беріп, кәдімгідей сеніп, реңі кіріп, қуанып қалатын. Өткен күндерді ерінбей санап отыратын. Сол келеді деген соңғы күні тіптен мазасызданып, таңертеңнен кешке дейін үйге кірмей, тамағын да дұрыс ішпей, далада жүретін. Бұл жауабы жоқ, мерзімі жоқ қайғылы жағдай апта емес, ай емес, жыл емес, ондаған жылға шексіз созылғанда, ол кісінің соншалықты зарығып, күйеуінің келуін күткенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сол шексіз запыран жұтқан қайғысы ол кісінің бауырын, жүрегін, бүкіл жүйке жүйесін істен шығарып, өмірден ерте өтуіне бірден-бір себепші болды ма деп ойлаймын.
Еліміз аман болсын, тыныштық заман болсын, ұрпағымыз соғыс көрмей-ақ қойсын.
Авторы: Еңбек ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Мұхитдін Смайылұлы