Хабар телеарнасы

Мірәзімов Бейсехан

Mirazimov Beisekhan

Мірәзімов Бейсехан атамыздың өз қолымен жазған өмірбаянында оның 312-ші гвардиялық минометтік полктің 4-дивизионының қару-жарақ командирі ретінде Дон, Брянск және бірінші Украина майдандарынан сонау Берлинге дейінгі майдан жорықтары бір-екі сөйлеммен ғана қысқа қайырылған екен.

Фашистер үш «Катюшадан» тұратын дивизионды байқап қалып, алапат соғыс машиналарын қалайда қолға түсіруге қам жасайды.
Дивизион белгіленген орынға келіп, техниканы ұрысқа әзірлей бастайды. Сол мезет минометшілер де өздерін аңдыған жауды көріп қалады. Бейсехан дереу рациямен полкке хабарлайды. Полк командирі: «Катюшаларды» жау қолына түсірмеудің барлық амалын жасаңдар, тіпті болмаған жағдайда жарып жіберіңдер!» – деп бұйрық береді.
Бейсехан жауынгерлерін жинап, жоспар құрады. Алдымен «Катюшаның» көмегімен жауға соққы беріп, сосын тез полкке кері қайту керек. Бірінші «Катюшаның» тетігін басуы сол-ақ екен, бірінің артынан бірі аспанды тілгілеген отты снарядтардың ышқынған даусынан құлақ тұнды. Жойқын атыстан әуе айналып жерге түскендей, дүниені бет қаратпас өрт шалғандай бір алапат болды да кетті. Жау жақтың естен таңдыра ойранын шығарған осы ұрымтал сәтті пайдаланып дивизион полкке оралды.

Полк командирі майор Захаров дивизионның адамдары да, техникасы да дін аман келгенін көріп, әр жауынгерді құшағына алып ризашылығын білдіреді. Кейіннен полктің барлаушылары «Катюша» болған маңда 33 немістің күйіп кеткен денелері жатқандығын айтып келді. Осы ерлігі үшін қару-жарақ командирі Б.Мірәзімов І дәрежелі, ал жауынгерлері тегіс ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталады.

Мірәзімов Бейсехан атамыздың партиялық жеке парақшасындағы Мемлекеттік наградаларына зер салатын болсаңыз соғыстан I-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны, Праганы, Венаны жаудан азат еткені үшін» деген самсаған медальдарды, «Үздік артиллерист» белгісін омырауына тағып оралуы көп сырды аңғартады.

 Авторы: немересі Мірәзімов Данияр