Жүсіпбеков Дербісәлі Жүсіпбекұлы (1920 - 1994 жж.)
Еліміздің тәуелсіздік туын көтеріп, оңы мен солын тани бастаған шақта дәуірлер алмасып, құндылықтар таразыға түскен кезде халық жадындағы кейбір тұлғалардың тіpілуі – заңды кұбылыс. Тек бір нәрсе өшпейді. Ол – ерлік ізі. Ерлік елдің рухын асқақтатып, айбынын асыратыны баршамызға белгілі.
Адамзат тарихындағы ең сұмдық сұрапыл соғыстың болып өткеніне биыл 75 жыл толмақ. Бірақ Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Жеңіс күні — сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл – менің ардагер атамның мерекесі.
Менің атам Жүсіпбеков Дербісәлі Жүсіпбекұлы – Ұлы Отан соғысының ардагері. Ол 1920 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Тәуіп елді мекенінде дүниеге келіп, 1994 жылы (74 жасында) дүниеден өткен.
Атам 21 жасында, яғни 1941 жылы соғысқа аттанған. Ол соғыс жылдарында Берлин түбіндегі шайқаста, Ленинград түбіндегі шайқаста ерлік көрсетіп, 101-ші атқыштар дивизиясында мерген қызметін атқарған.
Естуімше, марқұм атам Әлия Молдағұловамен бірге жауға қарсы шайқасқан екен. Ол үйдегілерге айтқан бір сөзінде: «Бізбен бірге қысқа шашты бір қыз болған, есімі Әлия еді, демек сол қыз Молдағұлованың өзі болған екен ғой», – деп батыр қыз Әлиямен бірге жауға қарсы шайқасқанын білмепті.
Марқұм батыр атам соғыстан оң иығынан жарақат алып, соғыс аяқталған шақта елге оралған. Оның кеудесі орденге толы бейнесі біздің мәңгілік жадымызда.
Атама көзі тірі кезінде марапаттар берілген.
Атап айтар болсам, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «КСРО ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Сондай-ақ «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығы», «КСРО Қарулы күштеріне 50 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», «Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін», «Еңбек ардагері» т.б. медалдармен марапатталған. Ардагер атама соғыстағы көрсеткен ерлігі үшін туған жерінен үй де берді.
Авторы: немересі Жомарт Айшолпан