Тілеуов Қыпшаққали (1916 – 2003 жж.)
Менің нағашы атам Тілеуов Қыпшаққали (1916 – 2003 жж.) – Қызылорда облысы, Арал ауданы, Қарақұм ауылының тумасы.
Ол – Ұлы отан соғысының ардагері, ІІ дәрежелі Ұлы отан соғысы орденімен, Ұлы октябрь революциясы және тағы бірнеше орден медаль иегері.
1942 жылы Арал АӘК (РВК) әскер қатарына шақырылып, Челябинск қаласында 45 күндік жеделдетілген дайындықтан өтіп, бірден соғысқа аттанған.
Осы дайындықтан туған інісі Нұртуған екеуі бірге өткен. Атам соғысқа аттанған. Інісі қалып қойған. Содан кейін інісін көрмеген. Інісі Нұртуған хабар ошарсыз кеткендер тізімінде.
Челябинск қаласынан үш күн жаяу жүріп келіп, соғысқа араласқан.
Соғыстың сұрапыл кезінде қару-жарақ жетіспеген: екі адамға бір қару. «Құлаған жауынгердің қаруын аласың, құлаған адамға қарауға болмайды» деп айтып отыратын.
1943 жылы Украина жерін азат етуге қатысады. Одан басқа елді мекендерді азат етуге де атсалысқан.
«Бірде бомба түскен шұңқырға су толып қалады. Соны окоп қылып отырмыз, қозғалсаң, жау мергені аңдып отыр. Окоп қазып үлгермейсің, себебі бір жерде тұрақтау жоқ. Өлген жауынгердің көптігі соншалық, бірінің үстіне бірін қойып оқтан қорғанатынбыз»ғ – деп естелігін айтып отыратын.
1944 жылы ауыр жарақат алып, госпитальға, одан соң денсаулығына байланысты елге қайтады.
Елге келіп, совхозда жұмысқа араласады. Зейнет жасына дейін еңбек озаты болып елге қызмет етеді.
Арал ауданы һәм Қызылорда облысына аты мәлім атбегі кісі болған.
Әжем Күнәй екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірген. Менің анам Бағымкүл – атаның екінші қызы.
Міне, құрметті оқырман, атам жайындағы бұл жазба оның өз айтуымен жазылған естеліктерден алынды. Ұлы Жеңістің түкпірінде қаншама аталарымыздың қаны, қанша тағдырлар, айтылмаған сырлар жатыр.
Бізге бейбітшілік сыйлаған аталарымызға рахмет!
Авторы: немересі Ғабит Жаңабайұлы