Мырзабаев Мәжит Шадайұлы (1923 жылы туған)
Атам Мырзабаев Мәжит Шадайұлының кіндік қаны тамған жер – Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қызылтам ауылы. Ол 1923 жылы қаңтар айында дүниеге келген.
Азан шақырып қойған аты – Абдумәжит болғанымен, кейін Мәжит атанып кеткен.
Қызылорда қаласындағы 1 май мектебінің сегіз сыныбын бітірген. Одан кейін медициналық училищенің фельдшерлік факультетіне оқуға түседі.
1942 жылдың мамыр айында оқуын аяқтамай, 19 жасында майданға аттанады. Алғашында арнаулы мектепте әскери дайындықтан өтіп, артиллерист мамандығын үйренеді.
ІІІ Беларусь майданында маршал Васильевский қолбасшылық еткен құрылымда соғысады. Кейін «сержант» әскери атағын алып, расчет командирлігіне тағайындалады.
Соғыс барысында ерлік көрсетіп, бірнеше рет марапатқа ие болған. Бірде немістер шабуылға шығып, қоршауға ала бастайды. Қиян-кескі ұрыста отряд командирі мерт болып, көп ойланып тұруға уақыт болмайды. Сонда атам өзі шешім қабылдап, ұрысты басқаруды өз мойнына алады. Шалт қимыл, батыл әрекеттің нәтижесінде жау шебін бұзып өтіп, қоршаудан сытылып, аман шығады.
Соғыс кезінде өз бетінше әрекет еткені үшін әскери комиссариат атамды тергеуге алып, ісін трибуналға жібереді. Алайда кейін істің ақ-қарасы анықталып, атамның сол кезде дұрыс шешім қабылдағанын мойындайды. Тіпті көрсеткен ерлігі үшін батыр атағына ұсыну туралы да сөз болады. Алайда белгісіз себептерге байланысты ол ұсыныс жайлы ұмытылып, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.
Атам соғыста 3-4 рет жарақат алады. 1944 жылы аяғына оқ тиіп, жарақаты асқынып, ақыры оң аяғын кесіп тастауға тура келеді. Сол кезден бастап протездің көмегімен ғана жүре бастайды.
1945 жылы ақпан айында елге оралады. 21 жасында ауылға келіп, үйленіп, балалы-шағалы болады. Ауылда өмір бойы қызмет етіп, мал шаруашылығының дамуына өз үлесін қосады.
Литва Республикасын азат етуде көрсеткен ерлігі үшін Мырзабаев Мәжит атамыздың аты Каунас қаласындағы №37 орта мектепке берілген. Қазір ол мектеп бар ма, жоқ па, белгісіз. Соны білсем екен деген арманым бар.
Кеңес үкіметі кезінде Жеңіс күні қарсаңында жыл сайын сол мектептен шақырту келетін. Бірақ атамыз соғыс кезіндегі оқиғаларды есіне түсіргісі келмеді ме, ол жаққа баруды көңілі қаламады. Барсам, жазықсыз төгілген қан мен қарапайым халықтың көз жасы, жастық шағының соғыста өткені есіне түсіп, көңілім бұзылар деді ме, әйтеуір бірде-бір шақыртуды қабыл алған емес.
Қазірде атамның ұрпақтары Қазақстанның түкпір-түкпірінде өсіп-өніп жатыр. Мен үлкен ұлы Қасқырбектің қызымын.
Есімі ерлердің қатарынан орын алған атамды мақтан тұтамын!
Авторы: немересі Мәжит Ақбота, Назарбаев университетінің студенті