Хабар телеарнасы

Жоламанов Сүлеймен

1937 жылы Алматы қаласында ҚазҰУ-дың Химия факультетінің ІІ курсында оқып жүрген Сүлеймен Жоламановты әскери бөлімшеге шақырды.

Жас жігіттің құрыштай шыңдалған тұлғасына көз жүгіртіп өткен әскери комиссар Ресейдің Иркутск қаласындағы Авиациалық-техникалық училищеге оқуға баратынын хабарлады. 1939 жылы авиатехникалық мамандықты меңгерген әкем әскери борышын өтеуге Орел, Воронеж қалаларында 243-авиациалық полктің құрамына аттанады.

Бір жылдан соң тарихта әйгілі сұрапыл Ұлы Отан соғысы басталады. Әкеміз осы полктің құрамында жан қиярлық шайқасқа қатысады. Қан майданда бірнеше рет жарақаттанған әкеміз талай өлім аузынан қалады.

Жас кезінде әкеммен көп сырласатын едім. Сонда бірде соғыс туралы айтып отырып: «Бір аэродромда біраз тұрдық. Сонда менің самолетімнің жанына қарлығаш ұя салыпты. Сонда елге аман-есен қайтамын деп ырымдадым», – деді.

1941 жылдан 1946 жылға дейін 243-шабылушы авиациалық Солтүстік-Батыс, Батыс, Оңтүстік-Батыс, Сталинград майдандарында, Орта Азиялық әскери округі, 333 шабуылшы-авиациалық дивизиясының 954-полкінің қатарында соғысқа қатысты.

Соғыс жылдары Сталинградты және Германияны азат етуге қатысты. Соғыстағы ерлігі үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен, Сталинградты қорғағаны үшін, Германияны азат еткені үшін және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.

Әкем марқұм сұрапыл соғыс туралы айтқанда көңілі босап, бірге соғысқан жолдастарын есіне алып, аэродромда қазір ғана бірге отырған жауынгерлерден неміс самолеттері бомбалаған сәтте көзді ашып жұмғанша айырылып қалатындарын, талай жас қыршындардың өмірлері үзілгендігін айтатын.

Жыл сайын Жеңіс күнін тойлағанда бірге соғысқан жауынгерлерді есіне алып, ауырып калатын. Соғыста жарақат алып (контузия) еліне, Лебяжі ауданы, Қарақала ауылына, ІІІ топ мүгедегі болып оралды.

 

Әке-шешесінен ерте қалып, жетім өскен әкеміз Сүлеймен үлкен әпкесіне келеді. Бір жыл бойы жұмысқа жарамсыз болып, кейін өз-өзіне келген соң, аудандық партия комитетінің шақыруымен қызметке шығады.

1950 жылы Алматы қаласында Қазақстан Орталық партия комитетінің жоғары арнайы мектебіне жіберіліп, екі жыл білімін жетілдіреді.

Лебяжі ауданының партия комитетінде, аудандық атқару комитетінде басшылық қызметтерде болды.
Көп жылғы адал еңбегі үшін арнайы зейнетақы тағайындалды. Бейбіт күндегі еліміздің дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек озаты», «Жуковтың 100 жылдығы» және т.б медальдарымен марапатталды.

Соғыстан келген соң Қоңыр апайымыз әкемізді көрші ауылдан таңдап жүріп Жұбайхан ақсақалдың жалғыз қызы Бәтимаға құда түсіп, үйлендіреді.

Анамызбен 55 жыл бірге өмір сүріп 6 бала, 15 немере, 22 шөбере көріп, адал жар, үлгілі әке бола білді.

Менің есімде әкем ұстаз ретінде де қалды. Бала тәрбиесіне көп көңіл бөлетін. Тазалықтан бастап ер балалардың, тіпті қыз балалардың не білуі керектігі туралы айтып, жол көрсетіп отыратын.

Іссапарларға немесе шет жаққа дем алуға барса да, бізге заманауи нәрселерді әкеліп беретін. Ол кезде ауылда көп нәрселерді білмейміз ғой. Бірде жаңадан шыққан іс қайшысын және ол кездегі «Бурда мода» деген сән журналын, оны қалай пайдалану керектігіне дейін көрсетіп, бізді іс тігуге үйреткен.

Бірде чех хрусталінен жасалған ыдыстар әкеліп, үстелді қалай әдемілеп жасауды, тіпті аулада бәрімізді вальс биін билеуге дейін үйрететін.

Ол жан-жақты адам болды. «Біз соғысты көзбен көрдік, қиындығын өмір бойы тарттық, ендігі ұрпақ соғыс өртін көрмесін, ел тыныш болсын!» деп тілек ететін. «Бізді адал, еңбекқор болыңдар» деп тәрбиелейтін. Соғыста ерлігімен көзге түсіп, бейбіт өмірде еңбек сүйгіштігімен бізге асқар тау, биік бәйтерек бола білген жан әкеміз Жоламанов Сүлеймен 1999 жылы 19 мамырда 85 жасында өмірден озды.

Әкеміздің жарқын бейнесі мәңгілік біздің жүрегімізде!

Авторы: қызы Мағжан Темірғалиева (Жоламанова)