Қалданов Боранбай (1926-1997 жж.)
«1944 жылы 18 жасында өз еркімен неміс басқыншыларына қарсы соғысқа әкем Боранбай Қалданов та аттанды. Алпамса денелі, күшті әрі қайратты әкемді бірден танкіге қарсы жойғыш артилерия дивизионына алған екен. Ойсыл қара күші, майдан даласында талай тығырықтан шығуына септігін тигізіпті», - дейді әкесі жайлы естеліктерінде ұлы Орынбай Боранбайұлы Қалданов.
Бірде ұрыс кезінде снаряд таусылады. Ал жау танкілері аяусыз атқылап жақындап келеді. Қатардағы жауынгер Боранбайды дивизион командирі снаряд тауып кел деп жұмсайды. Жан ұшырып, борап тұрған оқтан бой тасалап жүріп снаряд тауып келсе, пушкасы істен шығып, командирі мен көздеуші артелерист ауыр жарақаттанған екен. Бір жағына жантайып қалған пушканы бір өзі қайта орнына қойып, қолындағы снарадтарымен танкіні атып жойып, командирі мен көздеуші екеуін госпитальге арқалап апарыпты.
Шайқастан жаралы командирі мен көздеушіні аман-есен алып шыққаны үшін Боранбай Қалданов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 2-ші Белорус майданының құрамында Белорусияны, Польшаны, Шығыс Прусияны неміс басқыншыларынан азат етті. Ол Кенинсберг қала-қамалын (бүгінде Калининград қаласы) шабуыл жасап, басып алуға қатысты.
Майдан даласындағы ерліктері үшін, Боранбай Қалданов: «Ерлігі үшін» медалімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен, «Кенинсбергті алғаны үшін» медалімен марапатталды.
1945 жылы соғыс аяқталған соң да Боранбай әскер қатарында өзінің азаматтық борышын 1948 жылға дейін атқарды. Елге оралған соң әке-шешелерінен айырылып, жетім қалған бауырларын қамқорлығына алып, соларды ел қатарына қосты. Өзі де перзент сүйді, бақытты ғұмыр кешті.
Авторы: ұлы Орынбай Боранбайұлы Қалданов