Амалов Дәулет Ыбышұлы (1910 - 1969 жж.)
Дәулет Амалов 1941 жылы зұлым жаудан Отанымызды азат ету үшін әскерге алдыңғы шақырылғандар қатарында соғысқа аттанды. Майданда сапёрлік рота құрамында жаумен айқасты.
Әкем жауға қарсы жолдар мен көпірлерді миналап, оларды істен шығарып, қопарып, жаудың тез әрі жылдам жасамақ болған басқыншылық әрекетіне барынша кедергі жасап, тойтарыс беріп отырған екен.
1944 жылдың сәуірінде Харьков пен Днепропетровск үшін болған шайқастар кезі еді. Кеңес әскерлерінің алдыңғы шебі өту үшін жау миналарынан жолды тазартып жатқанда тұтқиылдан шабуыл жасаған неміс танкілеріне тойтарыс беру үшін саперлер ротасы шайқасқа қатысуға мәжбүр болады. Неміс танкісі жасырынып, өзіне гранат лақтырмақ болған Дәулетті байқап қойып, оны езіп-жаншып, өлдіге санап, алға қарай жылжығанда артынан гранат лақтырған Дәулет жау танкісін жояды.
Содан ауыр жарақаттанған Дәулет Амалов қатты контузия алып, өмір бақи есту қабілетінен айырылды.
1944 жылдың аяғында Дәулет денсаулығына байланысты демобилизацияланды. Елге оралған соң бейбіт өмір кешіп, ел шаруашылығына араласып, түйешілік қызмет атқарды. Бүгінде 2 ұл, 4 қыздан өрбіген ұрпақтары өз аталарының майданда жасаған ерлігін мақтан етеді.
Авторы: ұлы Қойшыбай Дәулетұлы Амалов