Айгөбеков Керімбай (1897 - 1970 жж.)
1941 жыл. Маусымның отызы. Майбұлақ ауылының кілең қылшылдаған жас жігіттері майданға аттанғалы жатты. Әскерге шақырылғандардың қатарында ауылдың молдасы да бар еді. Ауыл ақсақалдары 44 жастағы Керімбайды ортаға алып: «Әй, Керімбай, өмір болған соң, өлім-жітімсіз болмайды. Мына молдамыз соғысқа кетсе, елде дүниеден озған жандардың жаназасын кім шығарады? Біз, ауыл ақсақалдары, пәтуа қылып отырмыз, осы молданың орнына қан майданға сен барып келеді деп ұйғардық», – дейді. Сонда жасы әскер қатарына алыну жасынан асып кетсе де, үлкеннің алдын кеспейтін, сөзін жықпайтын, тәрбиеде өскен Керімбай сөзге келместен қан майданға аттанды.
Сөйтіп 1943 жылға дейін Мәскеу қаласын неміс басқыншыларынан қорғаған әскери жасақ қатарында жаумен шайқасты.
Әкем өз естеліктерінде: «18 күн нәр татпай жаумен айқасқан кездеріміз болды, аштыққа адам баласы шыдайды екен, ал шөлге шыдау өте ауыр болды», – деуші еді.
Барлаушы Керімбай жау тылына сан рет барып, бірде «тіл» тұтқындап алып келіп, бірде диверсиялық операцияларға қатысып, талай рет ерлік көрсетті. Сол ерліктері үшін Керімбай Айгөбеков бірнеше дүркін орден, медальдармен марапатталды.
1943 жылы ол ауыр жарақаттанды: бір оқ өкпесін тесіп өтсе, екіншісі сол қолын жарақаттап, өмірлік мүгедек етті.
Осы ауыртпалықтардан мойымай, елге оралған соң батыр атамыз ел қатарлы еңбек етіп, жұбайы Айткүлмен 9 перзент пен немере сүйді.
Бүгінгі таңда дүйім әулетке айналған ұрпақтары өздеріне бейбіт өмір сыйлаған Жеңіс солдатының ұрпағы екенін мақтан тұтады.
Авторы: ұлы Мұратбек Керімбайұлы Айгөбеков