Хабар телеарнасы

Айгөбеков Тышқанбай

Әкем Айгөбеков Тышқанбай 1901 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Алғабас ауданы, Майбұлақ ауылында туған.

Соғыс басталысымен зұлым жаудан Отанын қорғау үшін әскерге аттанады. Тіресіп соғысқан әскери жасақ маршал Г.К.Жуковтың басқаруындағы майданда айқасқан.

Москва түбіндегі кескілескен айқастардың бірінде оң жағынан оқ тиіп, жараланып госпитальге түседі. 6 ай емделіп жазылған соң атты әскер жасағына қосылып, алғы шепке аттанады. Келесі бір айқаста жаудың жаңбырша жауып тұрған оғынан бір батальон әскерден бес-ақ жауынгер тірі қалады. Оларды шайқас алаңын жетік меңгерген сарбаз ретінде барлаушылар отрядына қосып, қайтадан алғы шепке жібереді.

Осыдан соң әкем барлаушылар қатарына алынып, сан мың мәрте ерлікпен көзге түсті. Украина мен Белоруссия үшін айқасқа түсіп, Румыния, Польша мемлекеттерін азат етуге қатысты. Содан Берлинге дейін жетіп, Рейхстаг түбінде Жеңісті қарсы алды.

Соғыс біткен соң 6 ай өткенде 1945 жылдың күзінде елге оралып, бұрынғы колхоз жұмысына кірісіп кетеді. Бірақ майдан даласында алған ауыр жарақаттары меңдеп, аурудың тауқыметін шегіп, 66 жасында өмірден өтті.

Әкем атты әскер сапында шабуылға шыққанда астындағы атының снаряд жарықшағы артқы жамбасын жұлып түскен. Жанын қинамай бауыздайын десе, қалтасында пышағы жоқ, «шыңғырып екі көзінен жас парлап қалды» деп жануарға жаны ашығанын еске алып отыратын. Бұрынғы найза-қылышпен шайқасатын соғыс емес. Сондықтан борап тұрған оққа атты әскер жасақтаған қолбасшыларға реніш білдіретін. Қан майданнан аман оралғанымен, ұрпақ тәрбиесіне жағдайы болмайды.

«Орнында бар оңалар» дегендей, артында қалған ұрпақтары өніп-өсіп, бір қауым әулетке айналған. Немерелері бүгінде: «Менің атам – ардагер» деп, мақтан тұтады.

Авторы: ұлы Озатбек Тышқанбайұлы Айгөбеков