Әжібайұлы Насыр (1925-1990 ж.ж.)
Әжібайұлы Насыр 1925 жылы Маңғыстау облысының Сенек елді мекенінде дүниеге келген.
Насыр Әжібайұлының балалық кезі Сенек ауылында өткен.
Қазақ халқының тарихында 1930 жылдары ең қасіретті жылдар болып саналады. 1931-1932 жылдары Қазақ елінде ашаршылық басталды. Індет пен ашаршылықтан адам шығыны 1 млн 300 мың адамды құрады. Жаппай репрессиялар мен ашаршылық тұрғындардың жылжуына себеп болды. Қазақтар Ресей, Түрікменстан, Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран мемлекеттеріне кетті. Міне, солардың бірі болып Әжібай атамыз да туған жерді тастап, Түркіменстан республикасының астанасы Ашхабад қаласына қоныс аударуға мәжбүр болды.
Насыр әкеміз 1933-1940 жылдары Ашхабад қаласында 7 жылдық мектепті бітірген. 1940-1941 ж.ж. Ашхабад қаласындағы сауда техникумында оқып аяқтаған. 1941-1942 ж.ж. дүкен жетекшісі болып жұмыс жасаған.
1942 жылдың 9 ақпанында әскер қатарына шақырылған. 1943 жылы наурыз айында оқу-жаттығу курсынан соң IV Украина майданының 138-атқыштар дивизиясының 344, 242, 163 атқыштар полктерінде атқыш-мерген (снайпер) болған.
Украина жерінің Харковь, Ужгород, Львов, Ставрополь өлкесін және Чехославакия, Австрия мемлекеттерін неміс басқыншыларын азат етуге қатынасқан. 1944 жылы желтоқсан айында Карпат тауы маңындағы кескілескен шайқаста 15 жаудың көзін жойған және осы шайқаста ауыр жарақат алған.
1945 жылы №20 мотоатқыштар полк командирінің бұйрығымен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. Ұлы Жеңіс күнін Вена қаласында қарсы алған.
Соғыстан 1946 жылы Түрікменстан Республикасындағы ата-анасына оралған.
Отанымызды неміс-фашист басқыншыларынан қорғап, азат етуге қан майданда көрсеткен ерліктері үшін марапаттарға ие болған.
Марапаттары:
- «Қызыл Жұлдыз» ордені (1945 жылы);
- «Германияны жеңгені үшін» медалі;
- «Праганы азат еткені үшін» медалі;
- «Берлинді басып алған үшін» медалі;
- «Батылдық үшін» медалі;
- Армия қолбасшысының алғыс хаты;
- «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындғы Жеңістің 20 жылдық мерекесі» мерейтойлық медалі (1967 жылы);
- «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдық мерекесі» мерейтойлық медалі (1975ж.);
- I дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені (1985 жылы);
- «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындғы Жеңістің 40 жылдық мерекесі» мерейтойлық медалі (1985 жылы);
- «Соғыс ардагері 1941-1945» белгісі (1980 жылы);
- «Совет Одағы Қарулы күштеріне 60 жыл» (1979 жылы);
- «Совет Одағы Қарулы күштеріне 70 жыл» медалі (1989 жылы).
1949-1965 жылдары «Түркіменнефть» өндірістік бірлестігінде шегендеу агрегатының машист болып қызмет жасаған. Осы жылдары атқарған еңбегі үшін «Түркменбурнефть» тресінің Құрмет кітабына аты жазылған және Құрмет грамотасымен марапатталған.
1965 жылы «Түркіменнефть» бірлестігінен Маңғыстау түбегінің кен байлығын игерушілер қатарында шақырылды. 1965 жылы атақонысқа қайта оралған әкеміз Өзен бұрғылау-пайдалану кеңсесінде скважиналарды шегендеу агрегатында машинист болып жұмыс атқарған.
1965-1970 жылдары Өзен бұрғылау кеңсесіне қарасты (УКЭБ) бұрғылау ерітінділерін дайындау цехының басшысы болған. Аталған цехтың негізін қалап, іске қосқан. Қысқа мерзім ішінде Н.Әжібаев өз еңбегіне адалдығын, еңбексүйгіштігін және еңбектегі ұйымдастыру қабілетімен тамаша жетістіктерін көрсете білген. Оның басқаруындағы шаруашылық бұрғылау жұмыстарында табыс биігінен көрінген.
«Өзен бұрғылау кеңсесі таратылған соң Н.Әжібаев іскерлік қаблеті жоғары болғандығы үшін жаңадан құрылып жатқан Өзен бұрғылау жұмыстары басқармасына өндірістік база басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды», – дейді Нәсіпқали Марабаев Н.Әжібаев жөнінде берген мінездемесінде.
1970-1988 жылдары Өзен бұрғылау басқармасының Өндірістік қамту базасы басшысының орынбасары болып қызмет атқарған. Өзен бұрғылау басқармасы 1970 жылы құрылғанын ескерсек, осы жылдары өндірістік базаны құру және өндіріс мұқтаждығын толығымен қамтамасыз етуде осы базаның атқарған үлесі орасан зор болған.
Өзінің біліктілігімен, шебер басқара білетін іскерлігімен өндірістік база бөлімінде берілген тапсырманы орындау кезінде ұжымды жігерлендіріп, жұмылдыра білген.
Маңғыстау кен байлығын игеруде қатынасқан алғашқылар қатарындағы аға буын өкілдерінің бірі балған Насыр Әжібаев жасаған ерен еңбегі үшін мынандай мемлекеттік марапаттарға ие болды:
- 1970 жылы «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерейтойлық медалі;
- 1973 жылы «Социалистік еңбек жеңіпазы» төс белгісі;
- 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалімен;
- Бірнеше Құрмет грамотасы.
Өндірістік жұмыстармен бірге мұнайшылыр мекені болған қазіргі Жанаөзен қаласы, бұрынғы Узень поселкесінің дамуына, халықтың әл-ауқатын көтеруге де қажырлы еңбек атқарды.
1967-1969 жылдары Өзен ауылдық Жұмысшылар Кеңесінің депутаты болған. Өзіне жүктелген тапсырмалар мен жауапкершілік міндеттемесін үлкен абыроймен атқарды және кез келген өзекті мәселені оң көзқараспен шешуде қайсар мінезі мен табанды іскерлігін көрсете білді. Қызметіне лайық ұжым мен халық арасында да үлкен беделге ие болған.
1988 жылы зейнеткерлікке шыққан.
1947 жылы Қанша анамызбен отау құрған. Дүниеге 2 ұл бен 4 қыз бала әкеліп, тәрбиелеген.
Оның өмірінің жалғасы болған ұрпақтары қазір Маңғыстаудың беделді азаматтары болды.
Ол тек өзінің адал еңбегімен, қарулы күш-қайратымен, шынайы да таза ар-ожданымен ғұмыр кешті.
1990 жылы 21 ақпанда 65 жасында дүниеден озды.
Авторы: ұлы Төлеген Насырұлы Әжібаев