Хабар телеарнасы

Иманғали Сандықбайұлы

Иманғали Сандықбайұлы

Менің атам Сандықбайұлы Иманғали, 1942 жылы 17 жасында, Қызылорда облысы, Сырдария ауданынан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған. 4, 3-Украин, 1-Беларусь майдандары құрамында Кеңестер Одағы мен Еуропаның көптеген елдері мен қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысқан.  Ол 1944 жылдың 8-қыркүйегінде, Қызыл Тулы Суворов орденді, 61- Никополь атқыштар дивизиясының, 112-жеке саперлар батальонының саперы бола жүріп, Польшадағы Нарев өзенін кесіп өту операциясы кезінде айрықша ерлік көрсеткен.  

«...Кіші сержант Иманғали Сандықбаев қолдан құрастырылған паромға артиллерияның қосалқы  бөлшектері мен оқ дəрілерін тиеп алып, оларды жаулардың жанталаса оқ жаудырып жатқанына қарамастан,  өзеннің батыс жағалауына жеткізіп беріп тұрды. Осындай оқ пен оттың арасында дамылсыз тасымалдап жүріп, ол арғы жағалауда орналасқан дивизия жауынгерлеріне қатарынан 11 рет қатынап, шұғыл шабуыл жасау үшін аса қажетті соғыс техникаларын толық жеткізіп берді»,– деп жазылған,  ержүрек қазақ жауынгерінің тікелей командирі капитан Холодовтың 1944 жылдың 14 қыркүйегі күні дивизия командиріне жазған наградалық ұсынымында. Қан майданның алдыңғы шебінде жүріп, көрсеткен осы ерлігі лайықты бағаланып, Иманғали Сандықбайұлы Ерлігі үшін" медалімен наградталды. И. Сандықбаев Қызыл əскер қатарында соғыса жүріп, бірнеше рет жараланып, көптеген жауынгерлік марапаттарға ие болған.

1945 жылы, соғыс жолын  Берлинде аяқтаған  Иманғали атамыз туған жері - Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы  Абай колхозына қайта оралып, халық шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысты. 

Ал əжем К. Сандықбаева болса, мамандығы - дəрігер. Соғыс басталған жылдары Украинадан жетім балаларды Ақтөбе мен Қызылордаға  эвакуациялауға қатысқан соғыс ардагері. Сол еңбегі үшін "Ұлы Отан соғысы кезінде атқарған ерекше еңбегі үшін" медалімен марапатталған. 

Атам Иманғалидың ағасы Сандықбайұлы Əбдіғали де майдангер, соғыс ардагері. Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысып, 7 жыл Кеңес армиясы қатарында əскери борышын атқарған. 1939-1940 жылдардағы Халхин-Гол жəне Фин соғыстарынан бастап, фашистік Германияны толық талқандағанша майданда болып,  аман-есен елге оралған. 

Біздің əулетіміздегі ата-əжелеріміздің Екінші дүниежүзілік соғысы тарихында қалдырған ізі – осындай. Олардың ерліктерін кейінгі ұрпақтары ешқашан естен шығармайды!

Авторы: Иманғалиева Әйгерім Маратқызы