Хабар телеарнасы

Үкібаев Еспенбет

Үкібаев Еспенбет

Біздің атамыздың ағасы Үкібаев Еспенбет соғыс басталмай тұрып 1938-1939 жылдары әскерге шақырылған.

Әскерге Қарағанды облысы, Жезқазған аймағынан шақырылды.

Снайперлер курсында Алматы өңірінде оқыған, содан кейін Алматыда құрылған атқыштар дивизиясы құрамында соғысқа аттанған.

Соғыс кезінде Үкібаев Еспенбет снайперлер құрылымында жақсы мерген болған. Совет одағының «Красная звезда» газетінде «Үкібаев снайпер» деген мақала шыққан.

Сөйтіп Еспенбет Үкібаев атамыз жастайынан соғысқа аттанып, не отбасын құрып үлгірмей, не бір ұрпағы қалмады.

Еспенбет әке соғыста болғанда, менің атам Әлмағамбет 13 жасар бала екен. ол кісі де жастайынан біраз қиындықты басынан кешірген. Күндіз жұмыс істеп, кешке сәл босағанда, 7 шақырым жердегі аудан орталығына күнде атарбамен барады екен.Сондағысы ағасынан хат күткен.

Атамыз Әлмағамбет ағасын қатты сағынып, бір көруді армандаушы еді. Әкеміздің айтуына қарағанда, Еспенбет ағаның соңғы хаты «Москва үшін ұрысқа шығамыз» деген хат болған, содан кейін хабарсыз кеткен. Атам Әлмағамбет кезінде біраз іздестірді, бірақ «Без вести пропал» деген жауап болған.

Өкінішке қарай, көп жылдан бері атамыз Үкібаев Еспенбет туралы деректерді іздестіріп, әлі күнге дейін қайда жерленгенін біле алмадық.

Сол сұрапыл соғыс жылдарында қиындыққа төзіп, тылдағы ауыр жұмыстарды атқарып, Жеңіс күнін жақындатқан ата-әжелерімізге және соғыстан оралмай қалған жауынгерлердің рухына құрметпен бас иеміз!

Бұл өзі мұңлы тарих көнермеген…

Бұл қазақ бұл ғасырда не көрмеген?

Бұл қазақ бұл ғасырда не көрсе де,

Тірліктің керуенін шөгермеген…

Авторы: Немересі Жұлдыз Құнанбаева