Хабар телеарнасы

Мусин Қабыкен (1922-1975 жж.)

Мусин Қабыкен (1922-1975 жж.)

«Дүниеге келер бір рет,

Дария – кеуде, тас мүсін.

Құрыштан құйған құдірет

Қарттарым, аман-саумысың?

Даламның иісі бұрқырап,

Қарттарым аман сау жүрші», – деп Сағи ақын толғағандай, қашанда аузы дуалы, сөзі уәлі қарттарды қадірлеп, төрінен орын берген текті елдің ұландарымыз. Қарт кісіні құт-береке деп танысақ – ол ұрпақ көрегендігі. Біздің шаңырақтың бәйтерегіндей болған атамның отбасымыз үшін ғана емес, Отанымыз үшін еткен еңбегі ерен. Оқ пен оттың арасында қан кешіп жүріп, темір сауыт жастанып, қу толағай бастанған жанкештілігі өз алдына бөлек әңгіме...

Мусин Қабыкен әулетіміздің (деймін-ау, бүтіндей бір ауылдың тірегі болған) ақылшы абызы, даналық дариясы, қазыналы қариясы 1922 жылы наурыз айының 8 жұлдызында Ақмола облысы Қорғалжын болысының №2 ауылында дүниеге келген. Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Қарақоға ауылының мектебін тәмамдап, жастайынан зеректігі, алғырлығымен көзге түседі. Еңбек жолын 1942 жылы «Кенбидайық» совхозы сүт-ет фермасында есепші қызметінде бастады. 1943-1944 жылдары кезекті әскери міндетін өтеуге, содан кейін Қызыл Армия қатарына шақырылып, 7-ші, 54-ші кавалериялық полктің, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі қызметтерін атқарды. Атамыз Ұлы Отан соғысына, сонымен қатар I Беларусь майданына қатысып, 1941-1945 жылдарды қамтыған алапат зұлымдықты, қасіретті көзбен көріп, жерімізді өзінің қара ниетімен таптамақ болған фашист басқыншыларына қарсы тұрып, өмірін Отанының бейбітшілігі үшін қиған. Соғыстан кейін 1945-1946 жылдары Мусин Қабыкен 98 механикаландырылған гвардиялық полктің жауапты хатшысы болды.

1946 жылдан бастап еңбек жолын Ақмола облысы Қорғалжын ауданында жалғастырды. 1946-1949 жылдары ҚР КП нұсқаушысы, 1949-1951 жылдары ҚР ЛКСМ бірінші хатшысы, 1951-1954 жылдары ҚР КП партиялық, кәсіподақтық, комсомолдық ұйымдарының бөлім басшысы, 1954-1957 жылдары ҚР КП хатшысы, 1957-1960 жылдары аралығында Қарағанды Совет-партия мектебінің агроном мамандығында оқыды. Біліктілігімен көзге түсіп, «Кіші агроном-ұйымдастырушы» атағын алды.

«Өлі разы болмай, тірі байымас» дейді дана халқымыз. Иә, майдангер атамды еске алмасқа болмайды.

Балаларыңыз, немере-шөберелеріңіз сізді шексіз сүйеді, ата. Бақұл болыңыз!

Авторы: Аружан Қабыкенова