Жайханов Іздек (1925-1990 жж.)
Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Тұмалыкөл ауылында туған.
Қиямет пен қырғын қан төгістен арылып, армандап жеткен жеңісіміздің 75 жылдығын ашық аспан астында, бейбіт өмір үшін ардагер аталарымыз бен әжелерімізге айтар алғысымыз шексіз!
Отан қорғау жолында қаншама майдангер от пен оққа оранса, ал сол қан майданда жаумен арпалысып, елге оралғандардың біреуі менің нағашы атам.
17 жасар Іздек Жайханов Мағзұмұлы соғысқа өзі сұранып аттанады.1944 жылы 12 октябрь куні Карпат тауындағы бір деревняны жаудан азат ету кезінде, кескілескен ұрыстан ауыр жараланады. Есін жинап қараса комсомолдық билетін оқ тесіп өтіп, қанға бөккен. Сол құжат қазір Мұражайда сақтаулы. Майдандағы ерлігі үшін І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Қызыл Жұлдыз» орденімен және «Ерлігі үшін» медалімен наградталады.
Соғыстан соң Тұмалыкөл ауылы (Ақтөбе обл.) мектебінде 43 жыл математика пәнінен сабақ беріп, соның ішінде 30жыл директорлық қызмет атқарған.
Отан үшін от кешкен, Комсомол билетін оқ тескен, ерлік еткен ел үшін. Атам бізге қашан да үлгі, өнеге. Орал педагогикалық институтын бітіріп, жанұя құрып, үй салып, мал ұстап, 9 баланың әкесі болып, әрі білім ордасын басқарған Ұлы Отан соғысының ардагері!
Қан майданда кеудесін жау оғына тосқан қазақтың батыр ардагерлеріне тағзым етемін.
Авторы: Жанаргүл Қанапина