Әбенов Рақымбек Әбдірахманұлы (1925 -2003 жж.)
Атамыз Әбенов Рақымбек Әбдірахманұлы 1925 жылы 9 мамырда Павлодар облысы Баянауыл ауданы, бұрынғы Комсомол кеншарының Торайғыр деген жерінде дүниеге келдi. 1935 жылы белгілі бір жағдайларға байланысты ата-анасы Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылына қоныс аударады. Бұл Ақкөл iргетасы жаңа қаланған кезі болатын. Рақымбек Әбдірахманұлы мектеп жасынан еңбекке ерте араласып, ауылда тракторшы болып жұмыс істейді. Адамзат тарихына қасiрет әкелген Екiншi дүниежүзілiк соғыс басталған кезде атамыз не бәрі 16 жаста едi.
Еңбекпен қабырғасы қатайған, ерте есейген атамыз 1942 жылдың наурызында әскерге алынды. Петропавл қаласында 3 жарым айдай әскери дайындықтан өтіп, кейiн қатарластарымен бірге Украина майданына аттанады. Ержүректі атамыз 162 атқыштар полкi қатарында Смоленск, Киев, Днепр қалалары үшiн шайқасты. Венгрия астанасы Будапештті жау қолынан азат етуге де қатысып, ерлік танытты.
1944 жылдың наурызында Рақымбек Әбдірахманұлы аяқтан ауыр жарақат алуына байланысты II топ мүгедегі деп танылып, елге оралуға мұқтаж болды.
Соғыстан кейiн де атамыз бел жазбай еңбек еттi. 1944-1955 жылдар аралығында механизатор болып жұмыс iстесе, 1955-1985 жылдары Ақкөлде шопан болып енбек еттi. Әжемiз Рахия Ақасқызы шопан көмекшiсi болып, атамызбен бар қиындықты бөлiстi. Әжемiз екеуi 6 баланы өсiрiп, тәлім-тәрбие беріп, оқытып, қыздарын қияға, ұлдарын ұяға қондырды.
Атамыздың омырауында бірінші дәрежелi «Отан соғысы» орденi, Жуков медалi және Ұлы Жеңiс 20, 40, 50 жылдық мерейтойларына арналған медальдар жарқырады. 1999 жылдың қазан айында Соғыс ардагерi төсбелгiсi берілдi. Туған жерiн көркейту жолындағы еңбегi де еленіп, «Ерен еңбек еткені үшiн» медалімен марапатталды.
Атамыз Әбенов Рақымбек Әбдірахманұлы 2003 жылы 78 жасында өмiрден озды. Атажан тiрi болса, биыл 9 мамырда Жеңiстiң 75 жылдығын ғана емес, өзiнiң 90 жас мерейтойын да атап өтер едi.
Ұлы Жеңiстiң маңызы бiз үшін ерекше. Елімізді қорғау жолында ерлiк көрсеткен барлық соғыс ардагерiне басымызды иемiз!
Авторы: немересі Әйгерім Рахимбекова