Хабар телеарнасы

Көпбосынов Уәли (1916-1996 жж.)

Kopbosynov Uali

Ұлы Отан соғысының ардагері Көпбосынов Уәли 1916 жылы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылында 3 қаңтарда дүниеге келген. Ол кісі қарапайым, кедей отбасының баласы болған. Ата-анасы ерте қайтыс болған соң 1931-1935 жылдары жетімдер үйінде оқып, тәрбиеленген.

1936-1937 ж. училищені бітіріп, Қарағанды қаласының Киров шахтасында электр маманы, слесарь болып жұмыс істеген.

1938 жылы міндетті әскер қатарына шақырылған. Ресейдің Челябинск қаласында 13-атқыштар полкіне аға сержант міндетін атқарып жүргенде 1942 жылы ақпан айында соғысқа шақырылған. Ол жерде 257-ші атқыштар полкіне кіріп, қалың соғыстың ортасында жаумен шайқасқан. 1943 жылы Молотов қаласын құтқару және қорғау үшін соғысып жатқан кезінде жаудың оғы сол жақ иығына тиіп, жұлып кеткен. Содан есінен танып, көп күн госпитальда жатқан. Есін жинап, өз-өзіне келген соң, комиссия мүшелерінің шешімдері бойынша соғысқа жарамсыз деп танылып, 1943 жылдың наурыз айында ІІ топтағы мүгедек болып елге оралған.

Елге келген соң қарап отыра алмай,  әлі келетін жеңіл жұмыстар істей бастады.

1943-1959 жылдар арасында Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында Қаржы бөлімінде аға инспектор болып қызмет атқарды.

Үйленіп, Дәмекен атты зайыбымен 53 жыл отасып, 4 бала өсіріп, бақытты  өмір сүреді.

1960-1966 жылдары автобазасында эксплуатация бастығы болып, одан кейін осы мекемеде аға диспетчер болды.

1976 жылы зейнетке шықты.

Еліне, жұртына құрметті, ақылшы ақсақал болды. Балаларымен, немерелерінің ортасында 1996 жылы қыркүйек айында 80 жасқа толып, өмірден озды.

Авторы: қызы Тиішкен Уәлиқызы Көпбосынова