Хабар телеарнасы

Базарбаев Қалихан Бейімбекұлы

Bazarbayev Kalihan

Соғыс... Бұл – қайғы, көз жасы. Ол әр үйге, көп отбасының тағдырын қозғап, қайғы-қасірет әкелді. Аққайнар ауылының (бұрынғы Чернова) әр отбасынан, майданға жүздеген әкелер, ағалар майданға аттанды. Мыңдаған адам қорқынышты азапты бастан кешірді, бірақ ол артта қалып, Жеңіске жетті. Соғысты қазіргі ұрпақ кинодан  көріп, кітаптардан оқыды. Бірақ менің жадымда ең жарқын және шынайы болып Қалихан атамның соғыс туралы айтқан әңгімелері қалды.

Менің атам – Ұлы Отан соғысының қатысушысы. Ата-анамның әңгімелері бойынша оларға соғыста не болғанын айтуды ұнатпаған. Атам Базарбаев Қалихан Бейімбекұлы 1922 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Чернова ауылында дүниеге келген.

1930-1940 жылдары Шыңғыстай орта мектебінде оқыды. Мектепті бітіргеннен кейін әскерге шақырылғанға дейін Пахомов атындағы колхозда бухгалтер болып жұмыс істеген. 1941 жылдың шілде айында ауылдастарымен бірге майданға шақырылыпты. Семей қаласында командирлер даярлау курстарынан өткеннен кейін 1941 жылдың желтоқсанында Мәскеу түбіндегі Волоколам тасжолында алғашқы ұрыстарға қатысқан. Ол біздің сол кездегі Отанымыздың астанасы Мәскеуді қорғау үшін бүкіл елден әскери құрамалар тартылғандығын айтушы еді. Атам: «Түнде блиндажда отырған кезде Сібірден келген жауынгерлерден Мәскеуді қорғау үшін Алматыдан панфиловшылар келгені туралы талай рет естідім», – деуші еді. Ел басына қиын-қыстау күн туғанда қазақтың батыры  Бауыржан Момышұлы мен оның солдаттарының соғыс майданындағы жасаған ерен ерлiктерi туралы әнгімесі әлі есімде.

Атам 1943 жылы Моздок қаласының түбінде ауыр жарақат алып, Баку қаласының госпиталінде емделді. Майданнан оралғаннан кейін Черновая ауылындағы «Красный Восток» колхозында ферма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Осы бір ауыр соғыстан кейінгі жылдары ол өз ауылы үшін көп еңбек етті. Тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде 1954-56 жылдары Пахомов атындағы колхоздың төрағасының орынбасары, төрағасы болды. Оның айтуынша, 1955 жылы күзде егін жинау кезінде Катонқарағай ауданына Қазақ КСР совхоздарының министрі Рогинец Михаил Георгиевич келген. Сол жылы Пахомов колхозшылары «Қарадала» учаскесінде астық өсіріп, жақсы өнім жинапты. Министр күні-түні жұмысы қайнаған колхоздың қырманына барып, колхозшылардың еңбектеріне  риза болыпты. Жыл соңында көптеген қолхозшы, оның ішінде атам да құрмет гармоталары мен медальдармен марапатталыпты. Кейін бұл жер алқаптары Алтай кеңшарына беріліпті.

Қалихан атам 1957 жылдан бастап Черновинский, Алтайский, Коробиха кеңшарларында бөлімше басқарушысы болып жұмыс істеді. Содан кейін зейнеткерлікке шыққанға дейін 4 жыл Черновинский кеңшарында директор орынбасары болып жұмыс істеді, бірақ зейнеткерлікке шыққаннан кейін де барлығымен бірдей еңбек етті.

Ауылдың қоғамдық өміріне де белсене қатысты. Ұзақ уақыт соғыс және еңбек ардагерлерінің қоғамдық кеңесін басқарды. «Батыр ана» медалімен марапатталған жұбайы, тыл еңбеккері, апам Әшкен Қатшыбайқызымен бірге он бала тәрбиеледі.

Аққайнар ауылында Қалихан Бейімбекұлы атамыз ең құрметті адамдардың бірі  болды. Мемлекет ардагердің еңбегін лайықты бағалап, ол Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» және басқа да көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін менің атам Қалихан Бейімбекұлы Базарбаевқа 2004 жылғы 2 маусымдағы ІІІ шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының VI сессиясының №6/14-ІІІ шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. Сол кезде мен 14 жаста болдым, бірақ әлі күнге дейін оның соғыс туралы айтқан әңгімелері есімде.

Маған оның жадында болған тарихын тыңдау қызықты болды. Оның әңгімелеріндегі айтатын қорытындылары, жалғыз бір ғана сөз болатын: «Ұлы, көпұлтты Кеңес халқы фашистерді жеңді». Әшкен әжемнің де балалық шағы ел үшін қиын жылдары кезіндегі уақыттарда өткенін айтушы еді. Апам да ауылдастарымен қатар соғыс жылдары, одан кейін де колхоз алқаптарында жұмыс істеді. Мал бағып, күтім жасады.

Біздің ауылда менің атамды білмейтін адам жоқ шығар. Ауылдастардың есінде ол батыр жауынгер, жақсы басшы, ақылды және мейірімді адам болып сақталды. Бүгін ол тірі болмаса да, оның әңгімелерін жиі еске алып, менің атам Ұлы Отан соғысына қатысушы батыр екенін мақтан тұтамын. Оның үлгісі менің ағаларыма еліміздің лайықты азаматы болуға көмектеседі деп сенемін.

Жеңіс күні – біздің отбасы үшін әрқашан қос мереке. Мерекеден кейін біз 11 мамыр күні оның туған күнін атап атап өтуші едік. Жыл сайын біз Жеңіс күні бейітіне келгенде мен оған іштей «рахмет» деп айтамын!

Биыл біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өтеміз. Біздің борышымыз – Ұлы Отан соғысының қатысушылары, ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерліктері туралы тарихи естелікті сақтау. Біз барлығымыз фашистерден әлемді құтқарған, Отанымыздың тәуелсіздігін қорғап қалған ата-бабаларымызды мақтан тұтуымыз керек.

Біз Жеңіске қандай баға бергенін есте сақтауға және олардың жадын құрметтеуге міндеттіміз деп есептеймін. Болашақта соғыс болмайды, біздің аналар ұлдарына алаңдамайды деп сенгім келеді. Біздің жерімізде, көпұлтты елде, Қазақстанда, тек қана бейбітшілік, достық және келісім болсын!

Авторы: Ернұр Қалиқанов