Хабар телеарнасы

Шалабаев Нұркен (1925-1944 жж.)

Shalabayev Nurken

Шалабаев Нұркен 1925 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Теңдік ауылында дүниеге келген. Әке-шешесі Шалабай мен Жәнайла Балғабековтердің бес баласының ішіндегі үлкені Нұркен жеті жылдық мектепті бітіріп, онсыз да тұрмысы нашар отбасына шаруаға көмектесіп ата-анасына қолғабыс тигізіп, ауылында жүргенде сұрапыл соғыс басталған.

Сол кезде 18 жастағы өрімдей жас жігіт 1943 жылдың 23 қаңтарында Баянауыл аудандық әскери комиссариатынан соғысқа аттанады. Қанды майданның қызған кезінде 1293-ші атқыштар полкіне түседі. Осы полктің 160-шы Брест атқыштар дивизиясының құрамында соғыстың соңғы жылдары Қызыл Армия әскерлерінен жасақталған атақты І Беларусь майданына қатысқан. Беларусь майданы Минск, Орталық Польша, Варшаваны азат ету үшін шайқасқан. Осындай қан майданда Отанын қорғауда көрсеткен ерлігі үшін бөлімше командирі кіші сержант Шалабаев Нұркен 1944 жылы наурыз айында ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған.

Көп ұзамай 1944 жылдың қыркүйек айында жараланып, 10 қазанда елін жаудан азат ету жолындағы шайқаста мерт болған.

Соғыс шебінде жүріп ауылда қалған әке-шешесі мен төрт бауырына хат жазып, суреттерін де жіберіп тұрған. Ауылына қара қағаз да келген. Алайда соғыстан кейінгі жылдары әке-шешесінің жұпыны қара тамы өртке ұшырап, баласының барлық хаттары мен суреттері жанып кеткен.

2011 жылы соғыстың 70 жылдығына орай Ресейдің https://obd-memorial.ru/html/ сайтында соғыста ерлік көрсеткен, еліне қайтпаған жауынгерлер туралы мәліметтер пайда болды. Осы сайттан Шалабаев Нұркен туралы деректерді жинастыра келе, атамыздың ерлігі мен оның Польшаның Черна Струга ауылына жақын жерде жерленгені туралы білдік. Алайда бұдан кейінгі іздестірулер Польшаның Қызыл Кресті арқылы жүргізіліп, нақты ақпараттар жинастырылды. Соғыстан кейін барлық Совет солдаттары Польшаның Варшава қаласындағы мемориалдық зиратқа қайта жерленген.

Ақпараттар мен оның нақты Шалабаев Нұркен туралы сақталған құжаттармен сәйкестіктерін анықтау арқылы дәлелді де дәйекті мәліметтер пайда болды. Алайда ол осы күнге дейін белгісіз солдат болып қалған. Бұл ағасын жоғалтқан әкеміздің көңіліне сенім мен үміт ұялатып, ендігі жерде оның есімі ел есінде қалу керек деген ой мазалады.

Келесі мақсаты Польша жерінде жерленген ағасының есімін кейінгі ұрпақ білу үшін басына ескерткіш орнату болды. Қанша тырысқанмен, бір елден екінші елге апарып тас орнату, әрине, мүмкін емес еді. Сондықтан әкеміз Шалабаев Әбілқасым ата-анасының, ағасының алдындағы міндетін орындау мақсатында біраз ізденді. Осындай кездесулердің бірінде Павлодар қаласындағы облыстық «Полония» поляктар қоғамының төрағасы Виталий Зифридович Свинцицкиге жолығып көмек сұрап барған болатын. Жасы 80-ге қараған қарт адамның соғыста қайтқан ағасын 70 жылдан кейін тауып тұрған кездегі толқуы мен қуанышын көрген Виталий Свинцицки өз көмегін беруге тырысып, Варшава қаласындағы Польша-Қазақстан сауда палатасымен байланысқа шығып, қазақ солдатының басына ескерткіш орнатуға көмек берулерін сұрайды. Сөйтіп Жеңістің 70 жылдығына орай 2015 жылы 9 мамырда Польша-Қазақстан сауда палатасының Президенті пан Петр Гузовски Польша жерін фашистерден азат ету үшін мерт болған қазақ солдатының атын қазақша алтын әріптермен жазып, басына ескерткіш орнатты.

2015 жылдың маусым айында әкеміз Шалабаев Әбілқасым ағасының басына барып зиярат етіп, туған жерінен топырақ апарып салды.

Ерлердің есімі ешқашан ұмытылмайды! Жыл сайын 9 мамырда Польшадағы Совет солдаттарының зиратында қазақ солдаты Шалабаев Нұркеннің басына гүл шоқтары қойылып, ерлігі үшін тағзым етіледі.

Авторы: Шалабаева Гүлжәмила Әбілқасымқызы